Жол мен құрылыс сапасына бақылау күшейтіледі

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы аймақтарды дамыту және салынып жатқан нысандардың сапасын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы басты талап болуы керектігін атап өтті.

«Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр.

Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер.

Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы кейбір жаңадан салынған нысандардың сапасы сын көтермейтінін айтып, мұндай салғырттықтың салдары қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертті.

«Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған.

Сондықтан, жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек.

Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.