Халықаралық форум туристік индустрияның 300-ден аса өкілін бір арнаға тоғыстырды
Биыл елімізге көршілес ҚХР-дан 10 айдың ішінде 550 мың адам келген. Былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш 50 пайызға өсті. Бұл туралы Алматыда өткен «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының» аяқталуына орай ұйымдастырылған жиында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықаралық форум туристік индустрияның 300-ден аса өкілін бір арнаға тоғыстырды. Саланың жетекші мамандары жыл соңына дейін атқарылған істің қорытындысымен танысып, «Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмді дамыту динамикасы», «Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары» сынды тақырыптарды да талдады.
"Қытайда және Қазақстанда екі елдің туризмін байланыстыратын 30-дан астам түрлі іс-шаралар өтті. Ол – тек қана іскерлік бағытта емес, екі ел арасындағы мәдени алмасуларды дамытуға бағытталған іс-шаралар. Біздің ұлттық мұражайдың көрмесі, қазақ концерттік гастрольдер өтті. Алматы, Астана және Алматы облысы сияқты негізгі бағыттардың туристік апталықтар ұйымдастырылды", – деді "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Жиында екі елдің түрлі бағыттағы 200-ден аса келісімге қол қойғаны, 4 ірі халықаралық туристік көрмеде Қазақстанның әлеуеті таныстырылғаны да сөз болды. Сондай-ақ «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылына» орай әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалар мен бейнематериалдардың қаралымы 1,8 миллиардқа жеткені, оны 160 миллионнан аса пайдаланушының тамашалағаны айтылды. Қызығы халықаралық басқосуда танымал әнші, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаянының тұсауы кесілді. «Киелі мекенім» әніне арналып түсірілген туынды еліміздің көрікті жерлерін, туристік орындарын көпшілік назарына ұсынады.
Атап өтейік, келер 2025 жыл – «Қазақстандағы Қытай туризмі жылы» болып жарияланып отыр.
"Туризм жылын ұйымдастыру 2 ел үшін де маңызды болды. Қытай мен Қазақстанның кәсіпорындары саладағы мүмкіндігін пайдаланып, әуе компанияларының, қонақ үйлер мен туристік агенттіктердің қызметін үйлестіріп, туристердің сапарын барынша жеңілдете түсті. Бір сөзбен айтқанда, туризм саласындағы ынтымақтастығымыз жылдан жылға жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін", – деді ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй.
Оқи отырыңыз: