Ұйықтамайтын қала: Almaty TV-де «Архитектор» бағдарламасының арнайы шығарылымы жарық көрді

26.02.2026 18:30
Almaty TV

Almaty TV телеарнасы урбанистика, қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру және Алматының сәулеттік мұрасын сақтау мәселелеріне арналған жаңа ақпараттық-ағартушылық «Архитектор» бағдарламасының үшінші шығарылымын ұсынады. Сарапшылар мен сәулетшілер қаланы жаңғырту жұмыстарының қалай жүзеге асатынын, мамандар қандай сынға ұшырап жататынын және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін қандай шешімдер қабылданып жатқанын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп береді.

Жарық орнатылған көшелер, қауіпсіз саябақтар мен скверлер, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар мен 24/7 режимді бақылау – Алматы жайлылық пен қолжетімділік уақытқа тәуелді болмайтын түнгі жаңа тыныс-тіршілігін қалыптастыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны ұйықтамайтын қалаға айналдыруды тапсырды.

Мұндағы басты мәселе тек көңіл көтеру ғана емес, ең алдымен қауіпсіздік, инфрақұрылым, сәулет өнері және мегаполис тұрғындары мен қонақтарына арналған шынайы жайлылық болмақ.

Қалалық кеңістіктер біртіндеп сауда орталықтарының баламасына ретінде серуендеуге, түрлі кездесу мен кешкі демалыс үшін таптырмас орынға айналып келеді. 2025 жылы Достық даңғылы мен Пушкин көшесі жаңартылып, сол маңда қолайлы жаяу жүргіншілер аллеясы пайда болды. Ал Сайран көліндегі понтон көпір қала тұрғындары мен туристер үшін тартымды орынға айналып үлгерді. Ганди атындағы жаңартылған саябақ та тұрғындар қуанышын арттыра түсті.

Түнгі өмірді жарықсыз елестету мүмкін емес. Соңғы жылдары көшелер мен сәулет нысандарын жарықтандыру мәселесінде Алматы едәуір алға ілгерілеп кетті.

«2025 жылдың соңына қарай қалада жарықты жүйелі түрде жақсарту бойынша барлық негізгі міндет орындалды. Бүгінде барлық көше мен қоғамдық кеңістіктер жарықпен қамтылған», – деді «Алматы Қала Жарық» басшысы Игорь Мысик.

Бір жыл ішінде қаланың 360 учаскесінде жарық жетіспеушілігі жойылды, 36 мыңнан астам шам ауыстырылып, жөнделді, 400 км-ден астам кабель желісі тартылды. Сонымен қатар 400-ден астам ғимарат сәулет жарығымен безендірілді, ал 2026 жылы тағы 200 нысанға жарық орнату жоспарланып отыр. Бірыңғай жарық стандарты, жан-жақты ойластырылған дизайн, жылы түсті  шамдар көшелерді самаладай жарық әрі қауіпсіз ете түседі.

Алматы түнде де мүмкіндіктерге толы қалаға айналып келеді. Мегаполисте тәулік бойғы кітапханалар да ашыла бастады.

«Тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшудегі мақсат – уақыт шектеулерін жойып, кез келген ыңғайлы уақытта кітапхана қызметін пайдалануға мүмкіндік беру», – дейді Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Ләззат Мұхтарқызы.

Қазіргі таңда жаңа кесте бойынша бес кітапхана жұмыс істейді. Олар тек кітап оқитын орын ғана емес, тегін Wi-Fi мен заманауи өзіне-өзі қызмет көрсету технологиялары қолжетімді, түрлі жоба мен ғылыми зерттеу, шығармашылықпен айналысуға қолайлы кеңістікке айналуда.

Алматы кешкі және түнгі туризмді дамытуға да басымдық беріп отыр.

«Қала қонақтарына күн батқаннан кейін де қолайлы жағдай жасау үшін түнгі туризм тұжырымдамасы әзірленіп жатыр», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының орынбасары Ақмарал Ещанова.

Мұражайлар жұмыс уақытын ұзартып, мейрамханалар мен мәдени орындар түнгі өмірдің ажырамас бөлігіне айналуда. 2026 жылы Медеу, Жапон жолы және Үлкен Алматы көлі сияқты бағыттарды қоса алғанда, 350 шақырым аумақты абаттандыру жоспарланған.

Түнгі қала жайлы болуы үшін, ол, ең алдымен, қауіпсіз болуы тиіс. Алматыдағы тәртіпті Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы тәулік бойы қадағалайды.  

«Алматы «ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасын жүзеге асыруға толық дайын. Барлық бейнебақылау жүйесі мен 102 желісінен түскен ақпарат орталықта жинақталады», – деп атап өтті Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қалада 180 мың бейнекамерадан тұратын жүйе жұмыс істейді, патрульдік, мамандандырылған және туристік полиция бөлімшелері қызмет етеді. Ешбір өтініш назардан тыс қалмайды.

Түнгі қаланың сәулеттік келбетіне де ерекше көңіл бөлініп жатыр.

«Әр ғимараттың өз «мінезі» бар, сондықтан жарық та оның өзіндік ерекшелігін айқындап тұруы тиіс», – дейді ҚР Құрметті сәулетшісі Жанат Айтілеу.

Алматы өзгеріп жатыр. Ол тек күндіз ғана емес, түнде де жарқырап тұратын, қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналуда. Алматы — расында да, ұйықтауды білмейтін қала.

Оқи отырыңыз: Almaty TV арнасында «Архитектор» бағдарламасының жаңа шығарылымы жарық көрді