Қазақстанның үш облысында автокөліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топтың жолы кесілді

18.05.2026 11:00

Сот күдіктілердің 2,4 млрд теңгелік мүлкін қамауға алды

Depositphotos

Ақтөбе облысында жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сот алдында жауап береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Ақтөбе облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен міндетті алымдарды төлеуден жалтару мақсатында жүк автокөлік құралдарын заңсыз есепке қоюмен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады.

Тергеу мәліметтері бойынша, топ мүшелері N3 санатындағы (ершікті тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл автомобильдер) 82 көлік құралын заңсыз тіркеуді қамтамасыз еткен. Олар бұл заңсыз әрекеттерін Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында жүзеге асырған. Қылмыстық топтың құрамында 9 адам болған, олардың ішінде мемлекеттік автоинспектор мен нотариус та бар.

Клиенттерді іздеу мессенджерлер мен интернет-ресурстар арқылы жүргізілген, онда жүк автомобильдерін міндетті төлемдерсіз тіркеу қызметтері ұсынылған.

Өзара келісімге қол жеткізілгеннен кейін, ұйымдастырушы көлік құралдары туралы мәліметтерді ішкі істер органдарының қызметкеріне беріп отырған. Ал ол өз кезегінде базадан техникалық сипаттамалары ұқсас, бұған дейін есептен шығарылған автомобильдерді тауып берген.

Бұдан әрі топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттарды рәсімдеп, заңсыз әрекетке бөгде адамдарды тартқан. Құжаттарды мамандандырылған ХҚКО (СпецЦОН) арқылы тапсырып, заңсыз тіркеуді қамтамасыз еткен. Бұл ретте нотариалды іс-әрекеттер заңды иелерінің нақты қатысуынсыз жасалған.

Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын 705 млн теңгені құрады.

Соттың санкциясымен күдіктілердің құны 2,4 млрд теңге болатын мүлкіне қамау қойылды.

Қазіргі уақытта бес күдікті қамауға алынды, үшеуі үй қамағында отыр. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Оқи отырыңыз: Судағы қауіпсіздік: Қазақстанда 22 мыңнан астам рейд жүргізілді