Green innovation 2030: Алматыда зертханада таза, әрі вируссыз өсімдіктер өсіріліп жатыр

13.02.2026 15:53

Мамандардың айтуынша, көбейту процедурасынан өткен 150 мыңнан аса  көшет дайын

Алматыда таза, әрі вируссыз өсімдіктер өсіріледі. Алатау ауданында орналасқан «Green innovation 2030» зертханасында көшеттер кәдімгі топырақта емес, толық тазаланып, микроклоналды технология арқылы көбейтіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Green innovation 2030» зертханасы өз жұмысын былтыр күзде бастаған. Содан бері мамандар күніне 5 мыңға тарта өсімдікке көбейту әдісін қолданып келеді. Мұнда жасыл желек топырақта емес, стерильді зертханалық жағдайда өсіріледі. Яғни, қандай да бір сорттың бір бөлігінен дәл сондай миллиондаған көшет алынады. Оның өзі бірнеше кезеңнен өтеді.

«Өсімдіктің бәрі Иран елінен келіп жатыр. Қоректік ортаның ішінде микро және макро тұздар, витаминдер бар. Яғни өсімдіктің өсуіне қолайлы жағдай жасалған. Одан ары қарай автоклаптық бөліміне өтеміз. Автоклапта 23-21 градус аралығында стерилденіп, ламинар бокстың ішінде көбейту әдістері жасалынады. Қоректік ортаға отырғызылады», – деді зертхана меңгерушісі Мақпал Бақбергенова.

Мамандардың айтуынша, көбейту процедурасынан өткен 150 мыңнан аса  көшет дайын. Оларды келесі сатыға, яғни, жылыжайға көшіруге болады.

Отандық шаруаларға сапалы әрі ауруға төзімді материал ұсынылады. Дені – бау-бақша және ағаш тектес өсімдіктер мен декоративті желектер. Мамандар «бұл импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, отандық көшеттерді экспортқа шығаруға жол ашады» дейді.

«Еліміз шетелден көшеттер сатып алып, отырғызады. Ал оның шаруаларға жеткізуі, салығы, қымбатқа түседі. Біздің жобаның басты мақсаты – еліміздегі ауыл шаруашылығын жедел дамытып, фермерлерді төзімді материалмен қамтамасыз ету. Онымен қоймай, экспортқа шығару. Қазірдің өзінде көршілес Қырғызстанға материалымызды ұсынамыз. Сұраныс бар», – деді компания директоры Қайсар Әлібай.

Мамандардың сөзінше, зертхана жылына 2,5 миллионнан астам вируссыз, жоғары сапалы көшет өндіруге қауқарлы. Алдағы уақытта компания қалалық әкімдікпен бірлесіп, өнім көлемін 2-3 есеге арттыруды көздеп отыр.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда метроның жаңа бекетіне дейінгі тоннель қазу жұмыстары аяқталды