Қытай қоғамы «тәртіп бұзды» деп айыптап жатқан блогердің аккаунты қазір бұғатталған
Қытайдың Гуанчжоу қаласында пранк жасаған қазақстандық блогер жазаға тартылуы мүмкін. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, бүгінде оның барлық видеосы платформалардан өшіріліп, контентке тыйым салынған. Ал полиция бұл оқиғаға қатысты тексеріс бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Sohu басылымының мәліметінше, блогер түсірілімді алдын ала келісіммен жасаған. Яғни, метродағы жолаушы кейпіндегі танысының қалтасынан телефонын суырып алып, оны айналадағы адамдарға ұсынған. Кейін қалтафонды жоғалғандай етіп, өтіп бара жатқандарды «ұрлық жасады» деп айыптай бастайды. Бұл ретте блогердің бірнеше адамды рұқсатсыз видеоға түсіргені де сыналып жатыр. Демек бір бейнеде бірнеше құқықбұзушылық бар деген сөз.
«Пранк жасағанда жәбірленуші бар болса, әкімшілік жаза тартуы да мүмкін. Яғни оның салдарына байланысты. Сонымен қатар бұзақылық фактісімен де жауапкершілікке тартуға болады. Өйткені бұзақылық дегеніміз не? Ол –қоғамдық тәртіпті бұзу», – деді заңгер Жандос Тұяқов.
Қытай қоғамы «тәртіп бұзды» деп айыптап жатқан блогердің аккаунты қазір бұғатталған. Ал Гуанчжоу тәртіп сақшылары тергеу амалдарын бастады. Әзіл ұсынамын деп, әзер дегенде басын арашалап жүрмес үшін заңгерлер қарапайым қағидаларды есте ұстау керек екенін айтты. Бірнеше секундтық видео бір адамның тағдырына, талайлардың наразылығына әкеп соғуы бек мүмкін.
«Пранк бірін-бірі танитын азаматтардың арасында ғана жүзеге асырылуы керек. Кез келген азамат көтере алмайды? Оның денсаулығының қандай екенін білмейміз? Қорқытытам деп азаматтың жүрегі ұстап қалуы мүмкін. Тікелей пранкпен және ол кісінің өлімінің арасында байланысы болуы мүмкін», – деді Жандос Тұяқов.
Контент үшін қоғам арасында дау туғызғандар бізде де аз емес. Қит етсе, ел пікірін сұраймын деп ерекшеленгісі келетіндер көбіне шектен шығып жатады. Қызығы сол, мұндайлар өзгенің жеке басына қол сұғып, көпшілік алдында кім көрінгенді айыптайтынын түсінбейтін көрінеді. Бұған жуырда ғана қоғам талқысына түскен блогерлер дәлел. Коммуналдық қызметкерге дөрекі сөйлеп, кейін оған ақша ұсынып, кешірім сұраған олар аталған іс үшін айыппұл төлеп, 10 тәулікке қамалған еді.
Жауапты органның дерегінше, 24 адам пранк жасап, жауапқа тартылған. Бұл – жыл басынан бері ғана тіркелген дерек.
«Үлкен адамдармен ойнап кетті. Дала сыпырып жатқан жандарды қинап жатады. Блогер ма, жеке парақшасын жүргізсін. Пранк біреудің денсаулығына кері әсер етуі де мүмкін», – деді қала тұрғыны Шаттық Барышова.
«Кейбіреулер артық кетіп жатады. Біреудің намысына тиеді. Ал жақсылық істеп жарысатындарға қарсы емеспін», – деді қала тұрғыны Ниетбек Тоқталқан.
Әлеуметтік желіде танылудың жолы пранкпен шектеліп қалмауы керек. Бір сәттік хайп үшін жасалған әрекет қоғамға да, видео авторына да зиян келтіруі мүмкін. Заңгерлердің айтуынша, әсіресе блогерлікті енді бастап жатқан жастар видео түсірмес бұрын түсірілімнің заңдық жағын ескергені дұрыс. Кез келген адамды бейнеге түсірмес бұрын рұқсат алу керек екенін еске саламыз. Күлкі сыйламақ болған контенттің соңы кейде жауапкершілікке әкелетінін ұмытпаған жөн.
Мәди Бижан
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 5 ауылға тән мәдениет үйі құлауға шақ тұр