Сахна төрінде Дос Мұқасан, Роза Рымбаева, Біржан Хасанғалиев сынды өнер майталмандары ән шырқады
«Терең тарихы бар қаламыз - тәуелсіздіктің тал бесігі». Алматы әкімі Дархан Сатыбалды шаһар тұрғындарын қала күнімен құттықтады. Мерекелік думан дәстүр бойынша Астана алаңынан басталып, сахна төрінде эстрада жұлдыздарының орындауындағы ұлттық және заманауи әндер шырқалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астана алаңындағы мерекелік концерт Александр Зацепиннің әйгілі «Гүл Алматы» әні негізінде дайындалған вокалдық-хореографиялық қойылыммен басталды. 132 өнерпазды біріктірген бұл әсерлі ән-шашу көрермен жүрегін бір серпілтіп, көпшілікті шаттыққа бөледі. Әуезді әуенге еліткен жұртшылық қосыла шырқап, алаңда нағыз мерекелік көңіл күй орнады.
Сахнаның шырайын кіргізген бұл қойылымнан соң қала басшысы Дархан Сатыбалды алматылықтарды мерейлі мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде мегополисте бес негізгі даму бағыты айқындалғанын атап өтті. Шаһардағы экологияға, қауіпсіздікке және қалалық ортаның сапасына айрықша мән берілетінін мәлімдеді.
«Құрметті, алматылықтар, қадірменді қала қонақтары, баршаңызды аяулы да әсем шаһарымыз Алматының мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Терең тарихы бар қаламыз тәуелсіздіктің тал бесігі ретінде айрықша орынға ие. Осы жерде талай тағдырлы шешімі қабылданып, ел дамуына тың серпін берді», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Салтанатты іс-шараның жалғасы мерекелік концертке ұласты. Қазақ эстрадасының дара дауысты жұлдыздары мың бояулы шаһардың сұлулығын жырлап, тұрғындар мен қонақтардың көңілін көтерді. Дос Мұқасан, Роза Рымбаева, Біржан Хасанғалиев сынды өнер майталмандарының әуезді әуендері алаңды думанға айналдырды.
«Алматымызды жақсы көреміз. Дүниежүзіндегі ең әсем қала деп толығымен айтуға болады. Сондықтан да қаламыз өсе берсін, дамый берсін. Сүйікті Алматымыздың жетістіктеріне куә бола берейік», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев
«Құрметті, алматылықтар және Алматы қонақтары! Сіздерді мерекемен құттықтағым келеді. Ару қала – Алматымыз көркейе берсін, аман болайық. Береке бірлікте болайық!» – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы.
Астана алаңында мерекені бірге тойлауға жиналған жұрттың қарасы қалың. Бірі отбасымен келіп шаттыққа бөленсе, енді бірі достарын ертіп, думанның қызған тұсын бірге тамашалады. Олар сахна маңында билеп, әр орындаушының әнін қосыла шырқады.
«Алматыда туып өстім. Өте қуаныштымын. Концерт күшті өтіп жатыр», – деді қала тұрғыны Алтынай Елдарқызы.
«Алматы күнімен Алматы қаласының тұрғындарын және қонақтарын құттықтаймын! Қала күнінде бар жақсылықты тілеймін! Бәрі жақсы болсын», – деді қала тұрғыны Милан Лесқұлов.
Алматыда қала күні аясында мазмұнды бағдарламалар әзірленген. Барлық ауданда экологиялық акциялар, эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер, тақырыптық көрмелер өтіп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар нысандар да есігін айқара ашуда. Мәдени астанамыз атаулы күнді жоғарғы деңгейде күні бойы тойламақ.
Мәди Мәлік. Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Қала дамуындағы басымдық полицентрлік модельге беріледі – Алматы әкімі