«Алматинские истории» бағдарламасының кезекті шығарылымында режиссердің қызы әкесінің өнердегі тағдырлы жолы туралы сыр шертеді
Аlmaty.tv арнасында ұзақ уақыттан бері жарыққа шығып келе жатқан «Алматинские истории» танымдық-деректі бағдарламасы мегаполистің өткені мен бүгініне үңіліп, шаһардың қалыптасу тарихын, мәдени мұрасын және тағдыршешті кезеңдерін кинохроника, архивтік құжаттар мен көрнекті тұлғалардың естеліктері арқылы өрбітеді. Жобада жастар арман-қала – Алматының қалай бой көтеріп, өсіп-өркендегенінен хабардар болып, аға буын өкілдері өз жастық шағының қайталанбас сәттерімен қайта қауышады.
Бағдарламаның кезекті шығарылымында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қазақ режиссері, продюсері, Қазақстанның мәдени мұрасына айналған әйгілі «Тамаша» әзіл-сықақ театрының негізін қалаушы, «Гүлдер» ансамблінің солисі болған Лұқпан ЕСЕНОВТІҢ өмірінен көпшілікке беймәлім деректер айтылатын болады.
Лұқпан Досжанұлы Есенов 1938 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Соғыс жылдарының ызғарында өткен балалық шағы оны төзімділікке, еңбекқорлыққа шыңдап өсіреді. Әкесінен ерте айырылып, балалар үйінде, кейін әжесінің қолында өскен болашақ өнер иесі мектепті үздік бітіріп, Алматыға арман қуып келеді. Табиғи баритон дауысына қарамастан, шығармашылық жолы оны эстрадаға жетелейді.
«Жалпы, әкемнің балалық шағы да өзгеше болған. Әкесі Ұлы Отан соғысында қаза тауып, өзі балалар үйіне түседі. Кейін оны әжесі тәрбиелеп өсіреді. Мектепті бітірген соң Оралда оқимын деп ойлаған, бірақ Алматыға келіп, консерваторияға түсуді мақсат етеді. Ол кезде тұратын жері болмағандықтан, құрылысқа жұмысқа кіріп, 3-разрядты слесарь болады. Кейін консерваторияға қабылданады. Оған дейін досымен бірге Опера театрының жанындағы саябақта түнеп жүрген кездері де болған екен. Консерваторияда да үздік студент атанады», - деп еске алады режиссердің қызы Әлия Есенова.
Әлияның айтуынша, Лұқпан Есеновтің табиғи дауысы баритон болғанына қарамастан, ұстаздары оны тенорға бейімдегісі келген. Бұл жас әншінің көңілінен шықпай, әскерден кейін ол консерваторияны аяқтамай, тастап кетеді. Дегенмен бұл оның әншілік мансабына кедергі болмайды.
«Әскерден оралған соң әкем консерваторияға қайта бармай, эстрада-цирк училищесіне түседі. Кейін «Гүлдер» ансамбліне солист ретінде шақыртылады. Олар көп гастрольге шығады, тіпті бірде Мәскеудегі Одақтар үйінде орналасқан Бағаналы залда Муслим Магомаевтың орнына да өнер көрсеткен. Тіпті Мәскеуге шақыртулар да түскен, бірақ әкем Қазақстаннан ешқашан кетпейтінін айтады. Кейін қазақ телевидениесінде режиссер болып жұмыс істеп жүргенде де бірнеше рет Мәскеуде оқып, Останкиноға жұмысқа шақырылады, алайда одан да бас тартады», - дейді Әлия Есенова.
1968 жылы 9 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Алматыда «Гүлдер» республикалық жастар эстрадалық ансамблі құрылды. Ал 1969 жылы 17 желтоқсанда Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Қазақ жастарының эстрадалық ансамблі болып қайта аталды. Лұқпан Есенов осы ансамбльдің алғашқы солистерінің бірі атанады.
«Әкем шетелден гастрольден келген сайын сағыз әкелетінін күтіп жүретінмін. Оны ауладағы балаларға тарату ерекше қуаныш сыйлайтын еді. Сол жылдары «Гүлдер» ансамблі арқылы пәтер беріліп, біз Жұбанов көшесіне көштік. Көршілеріміз кіл опера әншілері мен қуыршақ театрының режиссерлері еді. Әкем сол ортада ұзақ жыл еңбек етті. Гастроль кезінде КГБ қызметкерлері бірге жүретін. Бірақ кейде әкем олардан сытылып шығып, шетелдегі қазақтардың үйлеріне барып қонақ болатын», - деп сыр шертеді қайраткердің қызы.
Ансамбльде он жылға жуық еңбек еткен соң, Лұқпан Есенов күтпеген шешім қабылдап, «Гүлдерден» кетіп, Қазақ телевизиясына жұмысқа орналасады.
«Әншілік мансабының шарықтау шегінде жүріп, бәрін тастап телевидениеге ауысады. Нұрлан Жастеров екеуі бірге ауысты. Әкем алғашында оператордың көмекшісі болып, сым тасып жүреді. Кейін режиссердің ассистенті, одан соң режиссер болды. Мәскеуге бірнеше рет оқуға жіберілді. Мемтелерадио төрағасы Камал Смайылов «Тамаша» идеясын қатты қолдады», - дейді режиссердің қызы.
Ойын-сауық бағытындағы жаңа бағдарлама идеясы режиссер Лұқпан Есенов пен редактор Қойшығұл Жылқышиевтің бірлескен еңбегінің нәтижесінде дүниеге келді. Бұл жоба арқылы Лұқпан Есеновтің музыкалық дарыны жаңа қырынан ашылды.
«Тамаша» атауы әкемнің «Гүлдермен» Үндістанға гастрольге барған кезінде көрген театрдан кейін пайда болған екен. Сол атау көңіліне ұнап, санасында сақталып қалған. Кейін өзі жақсы, жарқын дүние жасағысы келіп, жобаны «Тамаша» деп атапты. «Алғашқы бағдарлама 1978 жылы Жаңа жыл қарсаңында эфирге шыққанда, нағыз сенсация болды. Редакцияға қап-қап хаттар ағылып келе бастайды. «Тамаша» барлық мерекеде көрсетіле бастады. Билеттер сатылмайтын, тек шақырту арқылы таратылатын. Сол кезде «Тамашаның» билеті ең қат, қымбат тауарға айналған еді», - деп күле еске алады Әлия Лұқпанқызы.
Әлияның айтуынша, әкесі бұл жобаға бар жан-тәнімен беріле кірісіп, әртістерді, композиторларды, музыкалық нөмірлер мен миниатюра сценарийлерін өзі іріктейді. Әрбір әннің жазбасына, әр репетицияға жеке қатысады. «Тамаша» әртістері сатиралық-пародиялық миниатюра жанрында өнер көрсете бастайды.
Уақытында барша қазақстандықтың көзайымына айналған «Тамаша» арқылы танылған өнерпаздардың бірі – Парвиз Назаров. Ол Лұқпан Есеновпен бірге жұмыс істеген жылдарын ерекше ықыласпен еске алады.
«Тамашада» алғаш кездескенде ол маған қазақтың музыкалық мәдениетін тереңінен түсіне білууге үйретті. Ол кісі нағыз майталман продюсер еді. Қай әртіске не қажет екенін, табысқа жете алудың жолдарын тап басып танып, дәл болжай білетін. 1993 жылы «Мәжнүнді» алғаш орындағанымда, осы әннің танымал болуына «Тамашай айрықша ықпал етті», - деп еске алады Парвиз Назаров.
Алайда «Тамаша» мен Лұқпан Есеновтің өмірінде қиын кезеңдер де болды. Сатқындық пен алаяқтықты бастан кешірген тұлғаның адал әрі сенгіш мінезі өзіне ауыр соққы болып тиеді.
«Қаржы мен құжатқа араласпай, бар назарын шығармашылыққа аударған. Оның сол ерекшелігін пайдаланған жандар құжаттарды өз атына аударып, байып кетті. Бұл жағдай әкемнің денсаулығына қатты әсер етті. Ол 67 жасында өмірден өтті. Бес инсульт, екі инфаркт алды», - деп көзіне жас алады Әлия Лұқпанқызы.
Қазақ мәдениетінің дамуына, оның ішінде Алматы қаласының мәдени өмірінің өркендеуіне көп үлес қосып, ұлттық юмор жанрында миниатюра театрын жасай білген Лұқпан Есенов, өкінішке қарай, 2007 жылы13 қазанда, 68 жасында дүниеден өтті.
Бүгінде Лұқпан Есеновтің ісі жалғасын табуда. Оның 85 жылдығына орай 2024 жылы «Тамашаның» тарихы негізінде көркем сериал көрерменге жол тартты.
Оқи отырыңыз: Өткен шақ пен болашақтың арасы: Almaty TV «Архитектор» атты жаңа жоба ұсынады