Өткен шақ пен болашақтың арасы: Almaty TV «Архитектор» атты жаңа жоба ұсынады

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV телеарнасы урбанистика, жайлы қала ортасын қалыптастыру және Алматының сәулеттік мұрасын сақтап қалу мәселелеріне арналған «Архитектор» атты жаңа ақпараттық-ағартушылық бағдарламасын көрерменге ұсынады. Жоба аясында шақырылған сарапшылар мен сәулетшілер қалалық жаңғырту жұмыстарының қалай жүзеге асатынын, мамандар қандай қиындықтарға тап болып жататынын және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін қандай шешімдер қабылданып жатқанын түсінікті тілмен баяндап береді.  

Алматыдағы тарихи ғимараттарды қайта жаңғырту мәселесі қоғамда әрдайым екіұдай пікір тудырып жатады. Бірі қала өз келбетінен айырылып қала ма деп алаңдаушылық танытса, енді бірі ол нысандар жаңартпаса қауіп төндіреді деген дәйек келтіреді. «Архитектор» жобасы сырттай жинақы көрінетін ғимараттардың тасасында күрделі инженерлік түйткілдер жиі жасырынып жататынын көрсетпек.

Бағдарлама назарына іліккен алғашқы нысан – тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енген Қазақ мемлекеттік циркі. Ғимарат 1962-1972 жылдары салынған, 2160 көрерменге арналған. Мұнда соңғы күрделі жөндеу жұмысы он жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген.

Цирк директоры Мақсат Жайықовтың айтуынша, бүгінде нысан кешенді жаңғыртуды қажет етеді.

«Ағымдағы немесе тіпті күрделі жөндеудің өзі мәселені түбегейлі шешпейді. Бізге қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, ауқымды жаңғырту жұмысын жүргізу қажет. Цирк өзінің сәулеттік келбетін сақтай отырып, көпфункционалды кеңістікке айналуы тиіс», – деді ол.

Жаңғырту жұмысында әсіресе температуралық режимге айрықша мән берілетін болады. Себебі цирктің негізгі көрермені – кемінде екі сағат бойы залда отыратын балалар.

«Инженерлік жүйелер әбден тозған, жылу шығыны жоғары. Оларды міндетті түрде жаңарту қажет», – деді ол.

Алматы қаласының Құрылыс басқармасы мамандары да тексеру барысында инженерлік желілерде, шатырда және ішкі құрылымдарда бірқатар ақау анықталғанын растады.

«Бір қарағанда ғимараттың жағдайы жақсы сияқты. Алайда техникалық тексеріс көзге көрінбейтін көптеген мәселе барын анықтады, оларды шешу үшін қайта жаңғырту қажет», – деп түсіндірді Алматы қаласы Құрылыс басқармасының жобалау және техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сырым Тұрлыби.

Сонымен қатар жобада нысанның тарихи келбетін толық сақтау көзделіп отыр, яғни қасбеті, сәндік элементтері мен бірегей материалдары өзгеріссіз қалатын болады.

Қайта жаңғырту жобасының авторы Еркін Ботақанов барлық жұмыс қатаң түрде бекітілген техникалық талаптарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Конструктивтік элементтер мен сыртқы келбетке еш өзгеріс енгізілмейді. Біз тек коммуникацияны, есік-терезе мен шатырды жаңартамыз, қалғанының бәрі бұрынғы қалпында сақталады», – деді ол.

Мәселен, цирк фойесінде сирек әрі қымбат материалдардан жасалған түпнұсқа еден жабыны мен сәндік элементтер сол күйінде қалады.

«Архитектор» жобасы білім беру нысандарының жай-күйін де қамтиды. Атап айтқанда, жүз жылдан астам тарихы бар №90 мектеп-лицейі апатты деп танылған болатын. Ғимаратқа шамадан тыс жүктеме түскен, кей конструкциялар оқушыларға қауіп төндіруі мүмкін.

«Балалар қауіпсіздігі – бәрінен маңызды. Ғимарат көптен бері күрделі жаңарту жұмысын қажет етіп тұр», – деді мектеп директоры Бұлбұл Оспанбек.

«Техникалық тексеру қорытындысына сәйкес, тірек конструкцияларын сейсмикалық тұрғыдан күшейту, инженерлік инфрақұрылымды толық ауыстыру, санитарлық талаптарды ескере отырып ішкі жоспарды қайта қарау, өрт қауіпсіздігі бойынша қосымша шаралар қабылдау, сонымен қатар аумақты абаттандыру көзделген», – деп хабарлады Алматы қаласы Құрылыс басқармасының жобалау және техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сырым Тұрлыби.

Сейсмикалық күшейту жұмыстары №56 гимназияда да жүргізіліп жатыр. Қоғамда резонанс тудырғанына қарамастан, мамандар қайта жаңғыртудан кейін барлық сәндік элемент қалпына келтірілетінін айтып сендірді.

Мектептің бас ғимараты 1928 жылы, ал қосалқы ғимараттары 1960 жылдары салынған. Бастапқыда 731 оқушыға арналған білім ошағында бүгінде 1394 бала оқып жатыр. Ғимарат тарихи ескерткіштер қатарына жатпайды.

«Жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу барысында эскиздік жоба аудандық әкімдікпен, Білім басқармасымен және қалалық Сәулет басқармасымен келісілді. Қазір демонтаж жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың ескі іргетасы нығайтылып жатыр. Жобалық шешімге сәйкес сейсмикалық күшейту аяқталған соң әрлеу және сылақ жүргізу жұмыстары басталады», – деп нақтылады Сырым Тұрлыби.

Алматы қаласы әкімдігінде барлық қайта жаңғырту жұмысы 2040 жылға дейінгі Бас жоспарға сәйкес және қатаң бақылаумен жүзеге асырылып жатқанын атап өтеді.

«Ғимараттар жобада қалай қарастырылса, сол қалпында қалпына келтіріледі. Нәтижесінде алаңдаушылық білдірген азаматтар жұмыстар аяқталған соң орынсыз күдіктенгеніне көз жеткізеді», – деді еліміздің құрметті сәулетшісі Жанат Айтілеу.

Оның айтуынша, мегаполисте тарихи және мәдениет ескерткіштер саны – 162. Оның 34-і республикалық, қалғаны жергілікті маңызға ие. XIX-XX ғасырларда салынған кейбір ғимараттар уақыт өте тозып, қайта жаңғыртуды қажет етеді. Бұл нысандар мемлекет қорғауына алынған, сондықтан жөндеу жұмыстары кезінде олардың тарихи келбеті толық сақталып қалады.

«Архитектор» жобасы қаланы дамыту мен тарихи жадын сақтап қалу өзара тығыз байланысты екенін көрсетеді. Ең бастысы, кәсіби көзқарас, тұрғындармен ашық диалог және қауіпсіздікке басымдық беру.

Новости партнеров