Ғылым – қаланың заманауи және тұрақты дамуының негізгі шарты

21.01.2026 20:49

Ғалымдардың басқосуы Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің жұмысы аясында өтті

«Ғылым – қаланың заманауи және тұрақты дамуының негізгі шарты». Бұл туралы шаһар басшысының орынбасары Абзал Нүкенов ғалымдармен өткен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол сондай-ақ бұл бағыттағы бастамаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Ал қатысушылар ғылым мен технологияны дамыту және оларды қалалық басқару жүйесінде қолдану жайын талқылады.

Айта кетейік, басқосу Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің жұмысы аясында өтті.

«Бұл кездесудің ерекшелігі Абзал Нүкенұлы талқылау аясында Алматы қаласының өзекті мәселелерімен күнделікті айналысып жүрген жас ғалымдардың ойын және бағыттарын білгісі келеді. Оны ары қарай өзіміздің өңірлік ғылымды дамытуға бағытталған жобаларда пайдаланатын боламыз», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбек.

Айта кетейік, форсайт форматында ұйымдастырылған стратегиялық диалог барысында қатысушылар мегополистің ұзақмерзімді дамуына әсер ететін негізгі үрдістерді талқылап, болашаққа бағытталған тың бастамалар ұсынды. Сондай-ақ ғалымдар инновациялық жобаларды қолдау, цифрландыру, экологиялық тұрақтылық сынды тақырыптарда көзқарасын білдірді.

Еске сала кетейік, ғылыми ортаға қолдау көрсету мақсатында биыл өңірлік гранттар конкурсын өткізу жоспарланып отыр.

«Менің зерттеуімнің тақырыбы – Алматы қаласын аумақтық тұрғыдан саралап бағалау. Осы тақырып бойынша биыл мамыда докторлық диссертациямды сәтті қорғадым. Зерттеу жұмысы ұзақ уақытты қамтыды, шамамен 5 жыл бойы жүргізілді. Барысында қалалық ортаның сапасын сипаттайтын 27-ге жуық көрсеткіш қарастырылып, олар бағыттарына қарай 5 негізгі көрсеткіштік блокқа топтастырылды», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедрасының аға оқытушысы Лаура Кеңесбаева.

Оқи отырыңыз: Смағұл Елубай: Құрылтай – мағынасы тым терең, салмақты сөз