Ғылымға бөлінген 260 млрд теңге: депутат қаржының қайтарымын бағалауды ұсынды

16.09.2026 16:34

Бюджеттен қаржы бөлінген ғылыми жобалар табыс әкелді ме?

Видеодан кадр

Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін қаражаттың экономикалық тиімділігін бағалау мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл мәселені бүгін Құрылтай отырысында депутат Тілектес Адамбеков Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Депутаттың айтуынша, соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есеге өскен. Ал 2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам артып, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге жеткен.

Сонымен қатар 2025 жылы 241 инновациялық жоба іске асырылып, 1 200-ден астам зерттеу аяқталған. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламалары да кеңейтілген.

Алайда депутат ғылымға бөлінген қаржы көлемімен қатар, оның нақты экономикалық қайтарымын бағалау қажет екенін атап өтті.

«Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды», - деді депутат.

Тілектес Адамбековтің айтуынша, зерттеу жұмыстарының шамамен 80%-ы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан әрбір бөлінген теңгенің экономикаға қандай нәтиже әкелгенін анықтау маңызды.

Осыған байланысты депутат ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағытталған әр теңгенің қандай көлемде экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелгенін сұрады.

«Нәтижелері өндіріске енгізілген, коммерцияландырылған немесе жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген ғылыми жобалардың үлесі қандай?» - деген сауал тастады Т. Адамбеков.

Сондай-ақ ғылым мен технологиялардың жекелеген бағыттарының тиімділігіне салыстырмалы талдау жүргізіле ме деген сауал қойылды. Депутат қандай салалар ең жоғары экономикалық қайтарым көрсететінін, ал практикалық нәтижесі төмен бағыттар болса, оған қандай себептер әсер ететінін анықтау қажет екенін атап өтті.

Тілектес Адамбеков министрден аталған мәселелер бойынша нақты ақпарат беруді және сауалға Конституциялық заң талаптарына сәйкес жауап беруді сұрады.

Оқи отырыңыз: Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады

Толық көрсету