Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясына 80 жыл толды
Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясына 80 жыл толды. Мерейтой аясында бірқатар ғалым алғаш рет табысталған «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапатталып, бес жас зерттеушіге баспана сертификаты берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ ғылымының тарихында 1946 жылдың орны бөлек. Дәл осы жылы Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен Алматыда Ғылым академиясы құрылып, геология, металлургия сынды салалардағы іргелі зерттеулерге жол ашылды. Содан бері ғалымдардың бірнеше буыны осы ізді жалғап, отандық ғылымның өрісін кеңейтті. Сексен жылдық мерейтойда сол тағылымды тарих қайта жаңғырды. Ғимарат кіреберісінде Қаныш Сәтбаевтың бейнесі голограмма арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Ал арнайы ұйымдастырылған көрмеде академияның қалыптасу тарихы мен ғылыми жетістіктері таныстырылды. Мұнда 1932-2025 жылдар аралығын қамтитын 70-тен астам фотосурет пен архив құжаты қойылған.
«Ұлттық ғылым академиясы жаңа 4 деңгейлі басымдықтарды анықтайтын модельді ұсынған. Үкімет қолдады, 2027 жылдан бастап жаңа модель енгізілетін болды. Ғылымға серпіліс беру үшін жасанды интеллектке ауысуымыз керек. Жасанды интеллектті кеңінен қолдануымыз керек. Сондықтан Ұлттық ғылым академиясы Qazaqstan AI for Science деген жаңа парадигманы ұсынып отыр. Бұл жаңа жүйені біз Қытайдың академиктерімен бірге Қазақстанның ғылымына енгізетін боламыз», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Мерейтойлық жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Президенттің лебізін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеткізді. Онда мемлекет басшысы академияның ел дамуына қосқан үлесі мен ғылым саласындағы кейінгі өзгерістерге тоқталған. Сондай-ақ Құрылтай, Халық кеңесі және Алматы қаласы әкімінің атынан да жылы лебіздер айтылды.
«Қазақстан ғылым және білім саласын дамытуға әрдайым баса мән береді. Соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде академияның мемлекеттік мәртебесі қайтарылып, Президент жанындағы мекеме ретінде қайта құрылды. Елімізде ғылым және технологиялық саясат туралы арнайы заң қабылданды. Ғылымды дамытуға бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артты. Бүкіл қоғамымыз, қазақ ғалымдары еліміздің одан әрі дамуына мол үлесін қосатынына үмітпен қарап отыр», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Академияның тарихы Алматы қаласымен тығыз байланысты. Сондықтан бұл мерейтойдың қаламыз үшін де маңызы ерекше екені рас. Қалада 131 ғылыми зерттеу институты, ғылыми бағыттағы 142 кәсіпорын және 36 жоғарғы оқу орны жұмыс істейді. Ғылыми зерттеу саласында 27 мың 567 маман еңбек етуде. Оның ішінде 6 мың 913-і жас ғалымдар», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов
Отандық ғылымның өрісін кеңейтуде халықаралық әріптестіктің де орны ерекше. Мерейтойға Түркия, Қытай, Ресей және өзге де елдердің ғылым академияларының басшылары қатысты. Басқосуда бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
«Түркі әлемінің ғылым академияларымен бірлесіп, Дала өркениетін тереңірек зерттеуді қолға алдық. Осы мақсатта арнайы консорциум құру жөнінде келісімге келдік. Ендігі міндетіміз – ортақ тарихымызды ғылыми тұрғыдан зерделеу, соның ішінде Жошы Ұлысының мұрасын жан-жақты зерттеу. Бұл бастама елдеріміз арасындағы ғылыми байланысты нығайтып, тарихи мұрамызды кеңінен танытуға жол ашады», – деді Түркия ғылым академиясының президенті Музаффер Шекер.
Салтанатты жиында жас ғалымдарға да ерекше көңіл бөлінді. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында еңбек ететін бес жас зерттеушіге баспана сертификаты табысталды. Сондай-ақ отандық ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымдар алғаш рет «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапатталды.
Сексен жылдық белесті еңсерген ғылыми орда жаңа дәуірге тың мақсаттармен қадам басып отыр.
Мәди Мәлік. Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Қапез Байғабылұлы-130: Алматыда кітап көрмесі ұйымдастырылды