Цифрлық медицина және ғылым: Елімізде созылмалы ауруларды бақылайтын жасанды интеллект платформасы іске қосылды

17.09.2026 19:51

Платформа Қазақстанда 32 емханада жұмыс істеп жатыр

Жасанды интеллект  ғылымды ұйымдастыру тәсілін өзгертіп жатыр. Алматылық ғалымдар нейрожелілерді жай қолданып қана қоймай, тұтас ғылыми циклдың жаңа моделін құру тетігін талқылады, 

Академиктер, зерттеушілер, мемлекет және технологиялық бизнес өкілдері жасанды интеллект арқылы ғылыми болжамдар жасап, нәтижелерді тексеру және ғылыми жобаларды нақты қолданысқа енгізу жолдарын талдады.

«Qazaqstan AI for Science платформасын қолданудың тиімділігі ғылыми міндеттерді нақты қоюдан, айқын болжамдар қалыптастырудан, қажетті ресурстарды дәл есептеуден және ғылыми зерттеулердің бүкіл циклын тиімді ұйымдастырудан көрінеді», – деді ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының бас ғалым хатшысы Исмаил Тоқбергенов.

 Дегенмен жасанды интеллект ғалымды алмастыра алмайды. Зерттеу бағыты мен нәтижені адам ғана саралай алады. Сессия барысында жүзеге асып жатқан жобалар таныстырылды. Соның бірі – созылмалы ауруға шалдыққан науқастардың жағдайын тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі медициналық платформа. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын созылмалы аурулардан әлемде шамамен 40 миллион адам қайтыс болады. Бұл – жалпы өлім-жітімнің шамамен 74 пайызы.

«Біз осы ауру түрлерімен есепке алынған пациенттердің денсаулығын ұдайы мониторингке алып, ол кісілердің ауруының асқынып кетпеуінің алдын алу үшін бірегей АІ элементі бар платформа жасап шықтық. Қазір Қазақстанда 32 емханада жұмыс істеп жатыр. Сонда тіркелген созылмалы жұқпалы емес ауруы бар пациенттер игілігін көріп жатыр», – деді «Qmed аі» стартапының үйлестірушісі Асан Әли.

 

 

 

 

 

 

Толық көрсету