Игі істер үшін бірге: Алматыда 65 түп ағаш пен бұта отырғызды
Fix Price компаниясының кезекті қайырымдылық іс-шарасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағында жалғасты
Алматыда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қайырымдылық акциясы өтті. «Игі істер үшін бірге» деп аталатын эко іс-шараны Fix Price компаниясы ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Fix Price компаниясының кезекті қайырымдылық іс-шарасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағында жалғасты. Акция барысында қызметкерлер 65 түп ағаш пен бұта отырғызды. Оқу орнының ұсынысын ескере отырып, 30 қарағай мен 35 бөртегүл таңдалған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай іс-шаралардың мақсаты – көшет отырғызумен ғана шектелмей, оның ұзақ жылдар бойы өсуіне мүмкіндік жасау. Сондықтан жоба аясында ағаштар күтім жасауға жағдайы бар жоғары оқу орындарының аумағына отырғызылады. Бұл жасыл желектің жерсінуіне және қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді.¤
«Fix Price компаниясы университет аумағын көгалдандыру үшін арнайы ағаш көшеттерін сыйға тартты. Қазір жаһандық климат дағдарысы кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Ал қалаларды көгалдандыру мен орман алқаптарын көбейту — климаттың өзгеруімен күресудің ең қарапайым әрі тиімді тәсілдерінің бірі. Сондықтан мұндай бастамалардың маңызы зор», – деді Eco Network жобасының жетекшісі Надежда Ващенко.
Елімізде «Игі істер үшін бірге» жобасы 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында бірнеше қалада ағаш отырғызу акциялары ұйымдастырылды. Мәселен, Астанадағы Назарбаев университетінің аумағына 100 көшет егілсе, былтыр Алматыдағы Satbayev University аумағына 77 түп ағаш отырғызылған. Биыл көктемде Қарағанды мен Ақтөбеде де жұмыстар атқарылды.
«Мақсат – тек ағаш отырғызу емес, оның өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Ол үшін көшеттерге тұрақты күтім қажет. Ағаштарды неліктен университеттерге жиі отырғызамыз? Өйткені көгалдандырумен қатар, студенттердің экологиялық сауатын арттыруды да мақсат етеміз. Қоршаған ортаны қорғаудың, ағаштарды күтіп-баптаудың және оларды сындырмай, сақтаудың маңызын түсіндіреміз», – деді Fix Price компаниясының өкілі Александр Сухомлинов.
Осылайша «Игі істер үшін бірге» бағдарлама аясында Қазақстанда отырғызылған көшеттердің жалпы саны 372-ге жетті. Жоба тек көгалдандырумен шектелмейді. Оның аясында қалалық аумақтарды тазарту, экологиялық сауаттылықты арттыру, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру және жануарларға арналған панажайларға көмектесу жұмыстары да жүргізіледі.
Диана Тұрлыбек, Ғани Қалуов