ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады

28.07.2025 09:34

Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады

Moritz Kindler/unsplash.com/

Ішкі істер министрлігі дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындағы маңызды өзгерістер туралы ескертеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді.

Есіңізде болсын: жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті. ІІМ ұсынады: ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз; картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы "оңай ақша табуға" келіспеңіз; күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында парапланмен ұшқан әйел шатқалға құлап кетті