ІІМ: Үш өңірде бопсалаушылардың қылмыстық тобы ұсталды

30.09.2024 09:30

Соның бірі – Оралда студенттен 500 мың теңге бопсалаған жергілікті жастар тобы.

Елімізде соңғы үш күнде 3 қылмыстық топтың заңсыз әрекеті әшкере болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Соның бірі – Оралда студенттен 500 мың теңге бопсалаған жергілікті жастар тобы. Өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде көрсетіп, зорлық-зомбылық жасаған күдіктілер қамауға алынды. Ал Шымкентте жедел уәкілдер қаланың екі тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олар жергілікті тұрғыннан бір миллион теңге бопсалап, оған қатысты ақпарат таратамыз деп қорқытқан.

"Ақтөбеде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері бір миллион теңге мен Subaru автокөлігін алу кезінде қылмыстық топтың мүшесін ұстады. Ол 3 сыбайласымен ғимарат жертөлесінде жәбірленушіге моральдық және физикалық қысым көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бопсалау фактілерін анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жалғасады", – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Оқи отырыңыз: ШҚО-да 4 балықшы құтқарылды