Оның айтуынша, бұрын заң бұзып әдеттенген адамдарға заң мен тәртіп қағидаты оң ықпал етіп отыр
Биыл қоғамдық орындарда жасалған қылмыстық құқық бұзу деректерінің саны 9 пайызға азайды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма басшысы Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Осыған дейін бірнеше жыл бұрын бейнебақылау камералары көбейіп жатқан кезде, түрлі пікір айтылып жатты. Осының өзі қоғамдық тәртіптің артуына ықпалын тигізді. Өзіміздің салаға қатысты тоқталсам, биыл қоғамдық орындарда жасалған қылмыстық құқық бұзу деректерінің саны 9 пайызға азайды. Жыл сайын қылмыс санының азаюы айтарлықтай байқалып отыр. Осының бәрі халық арасында құқықтық мәдениеттің артқанын, сондай-ақ адамдардың жауапкершілікті сезіне бастағанын көрсетеді", – деді Ш. Тұрлыбек.
Оның айтуынша, бұрын заң бұзып әдеттенген адамдарға заң мен тәртіп қағидаты оң ықпал етіп отыр.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева қазір қоғамда заң мен тәртіп қағидатын кеңінен түсіндіруге мән беру керек екенін атап өтті.
"Жастармен ұзақ уақыт жұмыс істедім. Балаларға балабақшада, мектептен бастап тиісті курстарды енгізу қажет. Өкінішке қарай, кейбір жағдайда ата-аналар балаларын тым қатты еркелетіп жатады. Сондықтан балалық шақтан қалыптасатын менталитетке назар аудару маңызды. Мемлекетімізде заң бірінші орында тұр. Заңды білмеу – бізді жауапкершіліктен босатпайды", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері 33,4 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды