Былтыр 110 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылған
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында былтыр 110 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ұлттық саябақтың 30 жылдығы аясында табиғатты қорғау, орманды қалпына келтіру және экологиялық мәдениетті арттыру бағытында ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, тұқымбақтарда көшет өсіру мен орманды молайту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Биыл 380 келі ағаш тұқымы себіліпті. Орманды қорғау ісінде зиянкестерге қарсы күреске де басымдық берілген.
Айта кетейік, сирек кездесетін және қызыл кітапқа енген тұқымдарды қорғау бойынша кешенді жобаға ерекше көңіл бөлінген.
«Парк аумағында 2 мыңнан көп өсімдік өседі. Оның ішінде ерекше қорғауды талап ететін, жойылу қаупі төніп тұрған өсімдіктер бар. Соның ішіне Сиверс алмасы кіреді, жабайы өрік және шөпті өсімдіктің біразы аз қалды. 37 өсімдік Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасын қорғау нақты жолға қойылған», – деді Іле-Алатауы Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы Салтанат Өсербаева.
Табиғатты қорғау бағытында 1500-ге жуық рейд жүргізіліп, 500-ден аса заңбұзушылық анықталған. Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің өкілдері биыл 30 жылдық мерейтой қарсаңында жаңа туристік бағыттар, визит-орталықтар ашылып, инфрақұрылым жаңаратынын тілге тиек етті. Осыған орай экологиялық ағарту мен туризмді дамыту үшін тың бастамалар жүзеге асуда. Айта кеткен жөн, былтыр ұлттық паркке келушілер саны 13 пайыз артқан. Мамандар биыл да туристер ағыны еселенеді деп болжап отыр.
«Отыз жылдыққа байланысты 30 іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Оның барлығы экологиялық-мәдени және табиғи және орманды қорғау және өрттен сақтау іс-шаралары бойынша өткізіледі. Ұлттық табиғи парктің аумағында 94 инвесторлық жоба жұмыс атқарып келеді. Соның ішінде үлкен базалар құрылды», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік басты назарда: Алматыда төтенше жағдайлар туралы ақпараты шұғыл тарататын мобильді қосымша іске қосылды