Илон Маскқа жоба ұсынбақ: Қарағандылық оқушылар зымыран қауіпсіздігіне арналған платформа ойлап тапты

«Креатив аймақ» жобасының мақсаты – отандық өнімдерді кеңінен танытып және еліміздегі креативті кәсіпкерлікті дамыту

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағандылық 2 оқушы әлемге танымал кәсіпкер Илон Маскқа жоба  ұсынбақшы. 17 жастағы өнертапқыштар зымыранның қону кезіндегі қауіпсіздігін арттыруға арналған аэродинамикалық платформа ойлап тапқан.

Қарағандылық Ислам Қанағат пен Әбдіразақ Әнуар бұл идеяны былтыр қолға алған. Олар зымыранда апаттық жағдай туындаса, одан бөлініп шығатын экипаж капсуласын қауіпсіз қондыруға арналған жүйе жасап шыққан. Жоба үш желдеткіш пен капсуланы ұстап қалуға арналған арнайы қысқыштардан тұрады. Оқушылардың ойынша, бұл механизм қону кезіндегі қауіпсіздікті күшейтуге көмектесуі мүмкін. Ислам Қанағат пен Әбдіразақ Әнуарды Астанада өткен «Креатив аймақ» жобасында кездестіріп, сөзге тарттық.

«Илон Масктың жаңағы қондыру алаңынын видеосын көргенмін. Оның жаңағы «Falcon 9» моделінің зымыраны өзінің траекториясымен келіп, бір алаңға келіп өзі қона қалады. Сосын менде сұрақ туды. Ол басқа траекториямен ұшып келсе немесе қонбай қалып, сол алаңға кіре алмай жарылып қалса, қысқышпен турбуленттік жел ағысын қолдану идеясы туындады. Ол бір уақытта жауап береді деп сенемін», – деді оқушы Ислам Қанағат.

Жәрмеңкеде жүріп әдемі сөмкелер мен ас үйге қажетті бұйымдарға да көз жауын алады. Бұл – Қарағандыдағы инклюзивті орталық шеберлерінің қолынан шыққан туындылар. Мекемедегі 27 қызметкердің жетеуі бала. Олар орталықта жарты күн жұмыс істеп, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар тігіп, өз еңбегімен нәпақасын тауып жүр.

«Инклюзиялық орталық былтырдан бастап жұмыс істеуде. Бүгінгі іс-шараға балалардың жасаған қолөнерін алып келдік. Орталықта 3 айдай үйренеді, содан кейін барып жұмыспен қамтамасыз етеміз», – деді  инклюзивті орталық қызметкері Салтанат Мұқышева.

Өңірден жәрмеңкеге 80-нен астам қолөнерші мен 20-дан аса әнші келген. Көрмеге көмірден, металдан жасалған туындылар, картиналар, ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылды. Қатысушылар арасында еңбектері Гиннестің рекордтар кітабына енген 7 шебер де бар. 

«Креатив аймақ үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мақсат – креаторлардың бірінші танымалдылығын арттыру. Шетелде туындылары танымал болса, еліміз үшін жақсы көрсеткіш. Ал екіншіден, олардың өнерін сату», – деді Қарағанды облысы бойынша Креативті индустрияларды дамыту қорының өкілі Рустам Танишпеков.

«Креатив аймақ» жобасының мақсаты – өңірлердегі шығармашылық индустрия өкілдерін қолдап, отандық өнімдерді кеңінен танытып және еліміздегі креативті кәсіпкерлікті дамыту. Жәрмеңкеге аймақтардың барлығы дерлік қатысқан. Тек Маңғыстау облысы мен Шымкент қалған. «Креативті индустрияларды дамыту қорының» басқарма төрағасының сөзінше, осы уақытқа дейін сатылған өнімдердің құны 170 миллион теңгеден асқан. Ал жәрмеңкелерге 70 мыңнан астам адам келген.

«Жоба келесі жылы жалғасады деп ойлаймын. Өйткені өнердегі креаторлардың мүмкіндігін ашады. Нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Өнімдерін таныстырады», – деді  «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Ерлан Каналимов.

Екі күнге жалғасқан Қарағанды облысының жәрмеңкесіне төрт жарым мың адам барған. Ал аймақ креаторлары келушілерге 10 миллион теңгенің өнімі сатқан.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Атырауда мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйлер апатты деп танылды