Интернет-алаяқтық: Алматыда 1200-ден аса жағдай тіркелген

06.01.2026 19:50

Полицияның мәліметінше, киберқылмысқа қатысы бар деген күдікпен 100 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді

Алматыда киберқылмыс деңгейі әлі төмендемей тұр. Былтырдың өзінде мегаполисте интернет алаяқтыққа қатысты 1200-ден аса жағдай тіркелген. Салдарынан алматылықтар 48 миллион теңгеден аса қаржысынан айырылған. Десе де, қылмыстың 78 пайызы толық ашылып, кінәлілер тиісті жазасын алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сізге осылай бейтаныс нөмірден қоңырау шалынса, қуануға асықпаңыз. Өйткені бұл алаяқтардың кезекті арбауы болуы мүмкін. Былтыр ғана осындай қылмыстық схемаларды іске асыру үшін жасалған 19 миллионнан астам қоңырау бұғатталған. Полицияның мәліметінше, киберқылмысқа қатысы бар деген күдікпен 100 мыңнан астам SIM-карта тәркіленіпті. Ал мұндай алаяқтықты ұйымдастыру үшін арнайы топ құрып, оны басқарғандарға қатысты 6 қылмыстық іс қозғалған. Соның бірі трансұлттық топқа байланысты.

 «Ұрлықтың бәрі онлайнға көшіп, қылмыскерлер жаңа айласын пайдаланып, жаңа түрлерін шығарып азаматтардың ақшаларын ұрлау бойынша интернеттің дамыған техникаларын қолдануда. Енді мұндай қылмыспен күресуді үш бағытты біріктіріп, үш бағытпен бірге қолданып күресу керек. Ол мысалы заңнамалық шаралар, екінші – техникалық шаралар, үшінші бұл жаңағы профилактикалық шаралар. Үш жақты шараларды бірге бірлесіп жұмыс атқарған кезде ғана киберқылмысты тоқтатуға болады», – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Өткен жылы тәртіп сақшылары Қазақстан азаматтарын шетелде отырып алдаған 7 call-орталықтың қызметін әшкерелеп, олардың жолын кесті. Сонымен қатар ел аумағында да заңсыз жұмыс істеген 6 байланыс орталығы анықталған. Тәртіп сақшылары алаяқтарға алданбас үшін азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын көтеру басты назарда екенін жеткізді.

«Кибергигена деп атаймыз, бұл азаматтарымыздың білуі. Осындай қылмыстың бар екенін білсе, онда қылмысқа ұрынбайды. Яғни ол жаңағы жалған сілтемелерден өту. Яғни бұл сауаттылығымыз тек жаңағы қай сілтеме жалған, қандай сілтеме шын екенін біліп, ажырату. Осыны ажыратып білсе азаматтарымыз ұрынбайды», – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Ел тұрғындары да алаяқтардың жиі мазалайтынын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Олар тіпті белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларға жауап беруге қорқатынын жеткізді. Бұл жағдай олардың күнделікті жұмыс істеуіне де кедергі келтіріп отыр.

«Телефоныма белгісіз адам хабарласса,  мен алмаймын. 1414-ке аутентификация деп код келген. Хабарлассам «ешқандай сұрау салған жоқпыз» дейді. Қазір тіпті қорқатын болдық. Психологпын өзім бөтен адамдар да хабараласады. Мен мысалы соларды ала алмаймын», – деді қала тұрғыны Дариға Назарова

Ішкі істер министрлігі онлайн кеңістікте алаяқтықтың түрлері көп екенін жеткізді. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды бейтаныс қоңыраулар мен күмәнді хабарламаларға сақтықпен қарап, жеке дерекін ешкімге бермеуге шақырады.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана