Тергеу барысында күдіктілердің Шымкент, Алматы және Алматы облысында 9 қылмысқа қатысы бары дәлелденді
Шымкентте полицейлер ірі қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Тергеу барысында күдіктілердің Шымкент, Алматы және Алматы облысында интернет-алаяқтықпен айналысқаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың 9 қылмысқа қатысы бары дәлелденіп, келтірілген шығын 141 миллион теңгеден асқаны белгілі болды. Арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топтың төрт мүшесі ұсталды. Олардың қатарында топ басшысы - ұйымдастырушы, дропперлерді іздеп, тартумен айналысқан екі адам және қолма-қол ақшаны жеткізуші бар. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
«Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері киберқылмысқа қарсы жүргізілген жұмыстар аясында Шымкент, Алматы және Алматы облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан топтың қылмыстық әрекетін тоқтатты. Күдіктілердің интернет-алаяқтықтың 9 жайтына қатысы бар екені анықталды», – деді Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Шыңғыс Жайлаубек.
Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті 16 қыркүйектен бастап бөтеннің банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жасау қылмыс болып саналатынын ескертті. Тіпті өз банк шотын немесе картасын басқа біреуге беріп, кибералаяқтарға көмектескендер де жауапкершіліктен құтылмайды. Мұндай жағдайда азаматтар 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалап, 50 тәулікке дейін қамауға алынып, тіпті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қауіпсіз жол: Жамбыл облысында 3200 жүргізуші жауапқа тартылды