Инвестиция көлемі арттады: елімізде көптеген туристік бағыт толық ашылмаған - сарапшы

26.02.2026 20:14

Қазақстан жаһандық туризм рейтингінде 52-орынға көтерілді.

Қазақстан жаһандық туризм рейтингінде 52-орынға көтерілді. Бұл – елдегі туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Былтыр Қазақстанға шетелден 16 миллионға жуық турист келген. Соның нәтижесінде қонақ үйлер мен демалыс орындарының табысы 268 миллиард теңгеге жеткен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Соңғы жылдары елімізде туризм инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Өткен жылы бұл салаға 1 трлн 256 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 33%-ға жоғары. Биыл инвестиция көлемін 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Министрлік 328 инвестициялық жоба дайындаған. Қазіргі уақытта бұл жобалар пысықтау және іске асыру кезеңінде. Сонымен қатар саладағы кәсіпкерлікті дамытуға да айрықша мән берілуде.

«Оның ішінде мүлік салығы, жер салығы, корпоративтік табыс салығынан босату сияқты қолдау шаралары бар. Туризм және спорт министрлігінің желісі бойынша жүзеге асырылатын 7 қолдау шарасы бар, соның ішінде өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы 2,7 млрд теңгеге қолдау мақұлданған», – деді Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов

Инвестициялық жобалармен қатар, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл туристік аймақтардың әлеуетін арттырып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Отырыста Алакөл жағалауы мен Каспий теңізі маңындағы курорттық аумақтардың жағдайы да кеңінен талқыланды. Әсіресе жол және электрмен қамту мәселелері назарға алынған.

«Инвесторлар үшін ең тартымдысы инфрақұрылым екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты әкімдіктермен бірлесіп, мәселелер бойынша техникалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл құжаттар дайындалып, сараптамадан өтуде. Біз инвесторлармен кездескен кезде, олар инфрақұрылым қамтамасыз етілсе, қосымша жер телімдерін алып, ауқымын кеңейтіп, жаңа нысандар салуға дайын екенін айтты», – деді Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов

Сарапшылардың айтуынша, елімізде әлі күнге дейін көптеген туристік бағыт толық ашылмаған. Егер Қазақстанның өңірлерін жан-жақты зерттеп, тарихи орындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, насихаттауды күшейтсек, бұл шетелдік туристердің қызығушылығын арттыра түсер еді.

«Неге біз шетелдік туристерге Орталық Қазақстан, оның шөл және шөлейт аймақтары қызық емес деп ойлаймыз? Неге біз оларды тарихи жерлерге көбірек тарта алмаймыз? Туризм саласындағы басқару жұмысы нарықты зерттеуге, сондай-ақ отандық және шетелдік туристердің қоғамдық пікірін зерделеуге бағытталуы керек», – деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рамазан Сапарұлы.

Е-qonaq жүйесінің мәліметінше, Қазақстанға келетін шетелдік туристердің 71 пайызын 30–49 жас аралығындағы ер адамдар құрайды. Ал саяхатшылар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Германия және Оңтүстік Кореядан көп келеді. Сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінің қонақтары да біртіндеп артқан.

Оқи отырыңыз: Алматыда био-қоқыс жәшіктері орнатылып жатыр