Инвестициялық даулардың 80% инвесторлар пайдасына шешілген – Президент

05.06.2026 13:33

Мемлекет басшысы Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұрғанын атап өтті

Ақорда

Билік және бизнес өкілдері өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Осының бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты іс жүзіндегі көрінісі екені күмәнсіз. Еліміз сот жүйесі және құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформалармен қатар ауқымды экономикалық өзгерістерді жүзеге асыруда. Мұның мемлекетіміз үшін маңызы айрықша. Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр", - деді Мемлекет басшысы.
 

Президент отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулер кезінде билік және бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керек екенін үнемі айтып отыратынын жеткізді.

"Олар өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет. Билікте отырған лауазымды тұлғаларға тапсырмам: әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек, бірақ бұл жол заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуға тиіс. Атап айту керек, кассациялық соттарды құру бастамасы дәл осындай жиынның бірінде көтерілген болатын», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұрғанын атап өтті. 

«Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді. Елімізде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар Президент Жарлығымен Бас Прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр», - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Сот шешімдерінің басым бөлігі азаматтардың мүддесіне сай шығарылды - Президент