Президент Алатауды жаңа технологиялар тарту орталығына айналдыру міндетін қойды

05.06.2026 13:41

Елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форум өтті

Almaty.tv

Жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Бірақ босаңсуға болмайды. Табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керек. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді.  Атап айтқанда, жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды. Соның ішінде қаржы саласына және «қарқынды дамитын қалаларға» арнаулы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды. Баршаңызға мәлім, мен жақында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойдым. Бұл маңызды құжатта «ақылды қалаға» тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді. Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйесінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Алдыңғы қатарлы реттеу құралдары үздік әлемдік тәжірибені енгізуге, озық инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және осы бірегей жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді. 
Біздің басты мақсатымыз – Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айналдыру. Мемлекет бизнес өкілдерімен ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын».

Мемлекет басшысы заң мен тәртіпке бағынатын, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырқанын атап өтті.

"Сондықтан сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз. Бірінші шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осылайша, Қазақстан өз дамуының шешуші кезеңіне қадам басады. Мен бүгін бес конституциялық заңға қол қойдым. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде түбегейлі жаңғырады деген сөз. Осы құқықтық реформалар елімізде жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де тың серпін бермек.  
Сөз соңында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әзірлеуге және оның нормаларын жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. 
Бүгінгі басқосуда әкімшілік әділет институтын нығайтуға қатысты маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін», - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Инвестициялық даулардың 80% инвесторлар пайдасына шешілген – Президент