Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс: сарапшылар пікірі қандай

16.06.2025 21:07

л Көлік министрлігі болса әуе кемелері аталған 6 елдің аспанын айналып ұшса да, билет құны қымбаттамайтынын айтты

Иран мен Израиль арасындағы шиеленістен Қазақстанға тікелей қауіп жоқ. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Қалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Саясаттанушының айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс тек сол аймаққа емес, бүкіл әлемге ықпал етеді. Егер Израиль билігі Ислам республикасының мұнай нысандарына шабуыл жасаса, дүниежүзінде қара алтынның бағасы шарықтайды. Ол бұл жағдай Каспий арқылы Иранмен шектесетін Қазақстанның экономикасына оң әсер етеді деп отыр. 

«Бірақ ол ұзақ мерзімге өспейтін шығар. Болашақта Иранда билік ауысса, батыстың бәрі Иранды қолдап, санкциядан бас тартатын болса,  мұнайы дүниежүзілік нарығына енсе, бағаның қазіргіден төмен түседі деп ойлаймын», – деді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Үш күннен бері қарулы жанжал болып жатқан аймақта жүрген жерлестерімізбен Сыртқы істер министрлігі байланыста. Қазір Иранда 132, ал Израильде 219 Қазақстан азаматы бар. Ведомство соңғы екі күнде 70-тен астам жерлесімізді Иран аумағынан алып шыққан. Ал 300 отандасымыз Біріккен Араб Әмірліктерінен елге жете алмай отыр. Өйткені кейбір әуе компаниялары Қазақстанға ұшатын рейстерін тоқтатқан. Осы орайда министрлік Парсы шығанағы елдеріне, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктеріне саяхаттау кезінде сақ болуды ескертті. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігінде ұшуға шектеу қойылғанына қарамастан, аталған мемлекеттерге туристтердің легі азаймағанын жеткізді.

 «Мемлекеттік органдардың ескертуіне қарамастан соңғы екі күнде Қазақстаннан Біріккен Араб әмірліктеріне бағытталған әуе рейстері толық ұшып кетіп жатыр. Таяу шығыс елдеріне сапар жасау алдында барлық тәуекелдерді мұқият қарастырып, салмақты әрі негізделген шешім қабылдау қажет екенін тағы бір мәрте еске саламыз», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров

Ал Көлік министрлігі болса әуе кемелері аталған 6 елдің аспанын айналып ұшса да, билет құны қымбаттамайды деп отыр. Өйткені төтенше жағдай кезінде компаниялар баға саясатын сақтап қалады. Өз кезегінде ведомство билет бағасы бақылауда болады деп сендірді.

«Билеттің бағасы қымбаттамайды. Себебі бұл жағдай форс-мажор қатарына жатады. Оны ешкім болжай алмайды. Билет құны қалай болды, дәл солай қала береді», – деді ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.

Геосаяси жағдай күрделі кезеңде әлемдегі экономикалық ахуал да мәз емес. Саясаттанушылар Таяу шығыстағы шиеленістің салдарын дөп басып айта алмай отыр. Десе де, кей сарапшылар Қазақстанның Парсы шығанағы арқылы әлемдік нарыққа шығу жоспарына  қақтығыс кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Президент Си Цзиньпинді Астана әуежайынан қарсы алды