Ішімдікке ақша табуға мәжбүрлеген: Атырауда безбүйрек ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін

21.08.2025 19:38

Қазір 14 жастағы жеткіншек бейімдеу орталығында, ал 3 жастағы қыз бала сәбилер үйіне орналастырылды

Атырауда 3 және 14 жастағы ұл-қызына күн көрсетпеген безбүйрек ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көршілерінің айтуынша, 14 жастағы Кирилл үнемі далада қараусыз жүреді. Анасы екі күннің бірінде жанжал шығарып, ұлын ішімдікке ақша табуға мәжбүрлейтін көрінеді. Тиын-тебенсіз келсе, оны үйге кіргізбей, қаңғыртып жіберетін кездері көп болған.

«Отбасылары жұмыс істемейді, ішеді. Балаға қарамайды-ау. Көбіне қаңғып далада жүреді. Ата-ана арақ ішкен соң қызық болмайтыны рас қой. Мектепке бармайды. Арақтан көз ашпайды», – деді көршісі Марат Хасанов.

«Бала шынымен қаңғып жүреді. Қасында неше-түрлі балалар жүреді. Мамасы инсульт алып жатыр. Жұмыс жасамайды. Енді ұрып-соққанын көрмедім. Мүмкіндігі жоқ бала қарайтын. Құрбылары көмектесіп, алып кетті ғой, содан кейін бермеу керек еді», – деді көршісі.

Қазір 14 жастағы жеткіншек бейімдеу орталығында, ал 3 жастағы қыз бала сәбилер үйіне орналастырылды. Психологтар олармен жұмыс істеп, көмек көрсетіп жатыр. Мамандар балалардың қатты шошынып, қорқып қалғанын айтты.

«Келгенде көңіл күйі болмады. Мамасын іздеді, жылады. Қазір жағдайы, көңіл-күйі жақсы. Орталықтағы балаларға. біздерге тез бейімделіп кетті. Балаға ең бірінші психологиялық көмек көрсетіп жатырмыз. Психолог баламен жеке жұмыс жасады, оның көңілін аулау керек қой», – деді Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы Құндыз Ғиниятова.

Полиция бір жыл бұрын балаларға қатысты міндетін орындамағаны үшін анасын әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Қазір кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия ата-ана құқығынан айыру жазасын қарап жатыр.

«Атырау қаласында кәмелетке толмаған балаларының тәрбиесімен және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-анаға қатысты іс-құжаттар жинақталуда. Отбасындағы 3 жастағы қыз сәбилер үйіне, ал 14 жастағы жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Жинақталған іс-құжаттар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға ұсынылатын болады», – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Бейімдеу орталығында 24 жеткіншек бар. Мұнда ұл-қыздарға мамандар психологиялық қолдау беріп, көмек көрсетеді.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Алматыда ер адам әйелін пышақтап өлтіріп, өз-өзіне қол салған