Сәрсенбінің күн тәртібінде съез тарихында алғаш рет жас діни көшбасшыларының форумы өтеді деп жоспарланған
Таяу Шығыстағы жағдай бейбіт түрде, дипломатиялық жолмен шешілуі керек. Бүгін Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының 22-отырысында Қазақстан атынан сөз сөйлеген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осындай ұсыныс айтты. Бұл басқосуға дін өкілдері қатысып, жаһандағы тұрақсыздыққа қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды Almatyt.tv тілшісі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде алғаш болып Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйледі. Жоғары палата спикері жаһандағы тұрақсыздыққа назар аударды. Таяу Шығыс пен Украинадағы қарулы қақтығыстарды сөз еткен Мәулен Әшімбаев мұндай мәселелерді бейбіт түрде, дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Қазір ғаламда қауіпті аймақтар көбейіп кетті деген қазақстандық шенеунік, бұның салдары қарапайым тұрғындар мен бейкүнә балалардың өміріне кері әсерін тигізіп жатыр деді.
"Қадірлі съезге қатысушылар, әлемнің бірнеше жерінде қарулы қақтығыстар болып жатыр. Бұның арты тұрақсыздыққа алып келеді. Қоғам арасында алауыздық туғызады. Қазір жаһан теңселіп тұрғанда бізге бірігу керек. Қазақстан барлық тарапты күш қолданбауға шақырады. Жағдайды ушықтырмау керек", – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жиында жасанды интеллектінің дінге әсері туралы да сөз қозғалды. Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар прогреске кең мүмкіндіктер ашып жатыр. Бірақ шетелдік мамандар «жаңа қатер туындатуы мүмкін» дейді. Ақпарат саласындағы басты қауіптердің бірі теріс пиғылды жалған ақпарат пен фейктің кең таралуы болып тұр. Жасанды интеллект ресурстары осындай мақсаттарға тартылуы мүмкін. Бұл этникалық, діни және әлеуметтік топтар арасындағы түрлі қақтығыстарға әкелуі ықтимал.
"Негізінде, жасанды интеллект алдағы 10 жылда орасан зор өзгеріске ұшырайды. Діни қоғам да осы технологиялық эволюцияға бейімделуі керек. Сондай-ақ жасанды интеллект діни құндылықтар, наным-сенімдер сияқты іргелі діни құрылымдарды да өзгертеді. Бұл өзгерістер дәстүрлі дін жолындағылар үшін маңызды сынақ болмақ", – деді Иранның Діндер және мәдениеттер диалогы орталығының басшысы Әли Ақбар Зиаи.
Сонымен қатар съезде алдағы 10 жылдықта атқарылатын жұмыс жоспары талқыланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасын» әзірлеу туралы бастама көтерген. Тұжырымдама съездің одан әрі дамуының жалпы бағыт-бағдарын, миссиясы мен мақсаттарын анықтайды. Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі іс-шаралар жоспарын жариялады.
"Алдағы он жылдағы біздің стратегиялық мақсатымыз – съездің жаңа институттарын, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері, съезінің ізгі ниетті елшілерін және жас діни лидерлер форумын іске қосу арқылы рухани дипломатияны нығайту. Біз негізгі бағдарламаларды анықтап, осы мақсаттарға бірлесіп қалай жетуге болатындығы туралы нақты қадам жасап отырмыз", – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Бүгін хатшылықтың отырысында Димаш Құдайберген әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің ізгі ниет елшісі болып тағайындалды. Бұл мәртебелі лауазымға тағы 4 адам ұсынылған.
Айта кетейік, халықаралық маңызды жиын ертең де жалғасады. Сәрсенбінің күн тәртібінде съез тарихында алғаш рет жас діни көшбасшыларының форумы өтеді деп жоспарланған.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз:Жылыту маусымы: Үкімет басшысы өңірлердің қысқа дайындығын пысықтады