Қазақстанда дәрігер қабылдауына кезекті қысқарту үшін жасанды интеллектіні қолдану ұсынылуда

28.04.2026 12:39

Үкімет отырысында медициналық құжаттарды толтыру процесін автоматтандыруға бағытталған «Ascle» стартап жобасы таныстырылды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біз дəрігерлерге арналған ЖИ жүйесін құрудамыз, ол: дəрігердің пациентпен диалогын тіркейді, сөйлеуді таниды жəне тіркейді, оны құрылымдалған медициналық деректерге айналдырады; алынған деректерді алғашқы қабылдау картасына жəне медициналық картаның негізгі бөлімдеріне автоматты түрде толтырады. Содан кейін алынған ақпарат контекстіне сəйкес оңтайлы емдеу мен тағайындауды ұсына отырып, алдын ала диагноз қояды»,— деді стартап жетекшісі Сұлтан Жұмабаев.

Оның айтуынша, жүйе медициналық құжаттаманы жүргізуге кететін уақытты 50%-ға қысқартады, дəрігерге науқаспен тікелей байланысқа басым уақыт бөлуге көмектеседі, клиникаға пациенттерді көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі стартап 38 клиникада жəне еліміздің төрт өңірінде сынақтан өткізілген.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарлануда