Жыл қорытындысы: биыл қарапайым халықтың құқығын қорғайтын заңдар қабылданды - Ерлан Саиров

Биыл Мәжіліс депутаттары 106 заң жобасын қарады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Мәжіліс депутаттары 106 заң жобасын қарады. Оның ішінде 37-сі қабылданған. 19-на Президент қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жылдың басында ғылым және білім саласындағы заңнамаға толықтырулар енгізілді. Жобада ғалымдар үшін жаңа үстемақы енгізу қарастырылды. Үш жылға жуық талқылаудан кейін вейптерді сатуға тыйым салынды. Заңға бағынбағандар үшін айыппұл және 2-ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ депутаттар медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға арналған жобаны да мақұлдады. Енді ақ халаттыларға «Мамандықтың үздігі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріледі. Адам саудасы да – өткір мәселе. Орта есеппен жыл сайын елімізде жүзге жуық қылмыс тіркеледі. Биыл оған қарсы күресті күшейту үшін заң бекіді. Ерлан Саировтың айутынша, мәжілісмендер қабылдаған заңдардың барлығы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған.

"Борышкерлердің құқығын қорғау туралы заң қабылданды. Бұл Қазақстан тарихында бірінші рет. Бұрын мысалы ірі банктердің құқығын қорғау жөніндегі заңдар қабылданатын. Қазір керісінше қарапайым халықтың құқығын қорғайтын заңдар қабылданып жатыр. Сонымен бірге лудоманияға қарсы заң қабылданды. "Ұлттық қор балаларға" заңы қабылданды. Бұның бәрі – осы Қазақстанның әлеуметітк жағдайын шешуге бағыттаған заңдар", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Биыл көктемде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту бойынша құжат қабылданды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «осы жылды нәтижелі аяқтадық» деп отыр. Саяси өзгерістер көп орын алды деген спикер, Президенттің тапсырмасы бойынша біраз заңдар қабылданғанын айтты. Келесі жылы да депутаттардың алдында ауқымды жұмыстар тұрғанын еске салды.

"Осы сессия басталғалы Палатаның қарауында 106 заң жобасы болды. Оның  ішінде, 37 заңды  қабылдадық, 19 заңға Президент қол қойды. Депутаттар тарапынан биыл елеулі жұмыс атқарылды. Келер жылы да осы қарқынды сақтауымыз қажет. Ең бастысы, халқымыздың әл-ауқатын арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы әрдайым басты назарда болуға тиіс", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Ал Сенат депутаттары биыл Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз етуге, халықтың осал топтарын қорғауға және басқа да маңызды міндеттерді іске асыруға арналған 104 заңды қабылдаған. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданған. Мәулен Әшімбаев алдағы жоспарын да ортаға салып, бөлісті.

"Келесі жылы Сенат Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген жаңа Бюджет, Салық, Су, Құрылыс кодекстерін қарайды. Бұл құжаттардың еліміз үшін маңызды екенін ескере отырып, оларды мұқият пысықтауымыз қажет", – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Қос палата төрағасы жұмысын қорытындылады. Сенаторлар мен мәжілісмендер биыл қабылданған заңдарды бұқараға тәптіштеп түсіндіру үшін өңірлерге аттанады. Әр депутат мінберде көтерілген мәселелердің шешілу жолдары мен маңызды құжаттардың қыр-сырын жеткізеді. 

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Мәдениет саласындағы биылғы жетістіктер қандай

Новости партнеров