Биыл жаһанның 200 мыңға жуық жұрты қазақ өнерін әлемге әйгілі көрмелерден тамашалауға мүмкіндік алды
Қазақстанның шығармашылық ұжымдары Франция, Түркия, АҚШ сияқты әлемнің 14 еліне гастрольмен барып, өнер көрсетті. Қазақ мәдениетін шетелде дәріптеп жүргендердің мақсаты – өзге мемлекеттермен халықаралық байланысты нығайту. Осы орайда биыл Қазақстанның Бейжіңдегі, Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтары ашылды. Бұған қоса, жаһанның 200 мыңға жуық жұрты қазақ өнерін әлемге әйгілі көрмелерден тамашалауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ өнері десе, әлем жұрты Димаш Құдайбергеннің есімін бірінші атайды. Оны жанкүйерлері "ән әлемнің ханзадасы" деп атап, өнерін бағалағандар қазақтың тілін үйреніп, мәдениетіне қызыға қарайды. Бұған дәлел ретінде биыл әншінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен Францияға барғанын айтуға болады. Елисей сарайын әнге бөлеген Димаш Құдайбергенге Эманнуэль Макрон бастаған француздар таңдай қақты.
Ал 17 мыңнан астам көрермен жиналған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін Димаш Құдайберген елордада шоу-концертін өткізді. Оған 80 елден 10 мыңнан астам тыңдарман келді. Қытай, Ресей, Украина, Мексика, Испания және Кениядан жеткен 350-ден астам өнерпаз Димашпен бірге сахнада өнер көрсетті. Бұл музыка мен мәдениет саласында әлемнің әр бұрышынан жиналған жандарды біріктірген халықаралық сипаттағы іс-шара болды.
Биылғы жыл опера театрлары үшін де табысты болды. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының "Хан Сұлтан. Алтын Орда" операсын Түркияда 4 мыңнан астам көрермен тамашаласа, "Астана Опера" ұжымының Дубайда қойған "Щелкунчик" балетіне 12 мың адам келген. Алты күн қатарынан сахналанған қойылым аншлагпен өткен. Ал Мәскеудегі Үлкен театрда ұйымдастырылған "Абай" операсы ресейлік көрерменнің қазақ өнеріне деген қызығушылығын көрсетті.
"Көрермендердің ерекше ықыласын сахна артынан-ақ сезіп тұрдық. Театр сыншылары өте жақсы лебізін, сынын айтты. Әсіресе хор әртістеріне ерекше мән берді. Әр бір хор әртісі өзінше бір солист деп бағалады", – деді "Астана опера" театрының режиссері Еренбақ Тойкенов.
Биыл сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге таныту мақсатында "Qazaq Culture" ақпараттық платформасы іске қосылды. Сайт 8 тілде, Біріккен ұлттар ұйымының 6 ресми тілінде және қазақша, түрікше ақпарат таратады. 2024 жылы Түркіменстан, Тәжікстан және Татарстанда Құрманғазы мен Абайға ескерткіш орнатылды. Мәдени дипломатияның маңызды бөлігі ретінде бірнеше мемлекетте Қазақстанның мәдениет күндері де атап өтілді. Бұл жыл қазақ мәдениеті үшін табысты, жетістікке толы жыл болып қалмақ.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыдағы қонақ үй бизнесінің дамуы: қорытынды мен болашақ