Иттердің көмегімен сауығу: Қарағандыдағы орталық ерекше жандарға қалай көмектеседі

19.08.2026 20:34

Қарағанды облысында қазір 54 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады

Қарағанды қаласында төрт жыл бұрын қолға алынған канистерапия әдісі - ересектерді ғана емес, ерекше балаларды оңалтуға да үлкен мүмкіндік. Арнайы үйретілген иттердің көмегімен балалар түрлі жаттығу жасаудың арқасында қимыл-қозғалыс пен қарым-қатынас дағдысын дамыта алады. Қазір арнайы орталықта 50-ден астам адам ем қабылдап жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Любовь Герк – екі ерекше баланың анасы. Бұл орталыққа ол 3 жылдан бері тұрақты түрде келеді. Оңалту сабақтарына қатысқалы бері балалардың қимылы ширай бастаған. Сондықтан ол»канистерапия әдісінің ерекше қажеттілігі бар балалар үшін пайдасы орасан зор» деп санайды. 

«Балаларға мұндай тәсілдердің оң септігі көп. Олар бір-бірімен кездесіп, араласады. Спортпен шұғылданып, иттермен ойнайды. Нәтижесі балалардың көңіл-күйінен бәрі көрініп тұр. Өздері мәз болып, ойнап жатыр. Бізге мұндай шаралар ұнайды. Шақырған кезде қуана келеміз. Әрдайым сабақтан қалмай, қатысуға тырысамыз», – деді қала тұрғыны Любовь Герк.

 Арнайы орталықтағы канистерапия емі 2022 жылдан бері тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл бағыт алғаш рет Қарағандыда қолға алынған. Мамандардың айтуынша, сабақтарға көбіне лабрадор секілді жуас, адаммен қарым-қатынасқа бейім иттер тартылады. Олар балалармен жұмыс істеу үшін арнайы дайындықтан өтеді.

«Канистерапия – латын тілінен аударғанда иттердің көмегімен емдеу, оңалту деген мағынаны білдіреді. Біз «Лучик надежды» орталығына үнемі келіп тұрамыз. Татьяна Ивановнамен келісіп, балаларға көмектесу мақсатында осындай шараларды бірге ұйымдастырамыз. Балалармен жұмыс істеп, олардың көңіл-күйін көтеріп, оңалуына ықпал ету – біз үшін өте маңызды. Әрі игілікті іс», – деді Полиция департаментінің кіші испектор-кинологы Жандос Қапия. 

Канистерапияда бала итпен жай ғана ойнау арқылы жаттығады. Мысалы төртаяқтыға команда беру арқылы ол сөйлеуге талпынады. Доп лақтыру немесе оны сипау кезінде ұсақ және ірі моторикасы дамиды. Ал итпен тікелей қарым-қатынас жасау баланың зейінін арттыруға септігін тигізеді.

«Бұл әдіс балаларға иттермен жақын араласуға мүмкіндік береді. Олар жануардың жылуын, мейірімін сезінеді. Ең бастысы – уақыт өте келе балалар иттерден қорықпай, олармен еркін қарым-қатынас жасай бастайды. Сондықтан мұндай тәжірибе тек орталықтарда ғана емес, кеңінен ұйымдастырылса екен деймін. Ата-аналар да балаларын осындай шараларға қатыстырып, жануарлармен араласуына мүмкіндік бергені абзал», – деді Мүгедектігі бар балаларға көмек көрсету орталығының жетекшісі Татьяна  Кравченко.

Оңалту орталығы тек балаларға ғана емес, ерекше қажеттілігі бар ересектерге де қолдау көрсетеді. Қазір мұнда 55 адам тұрақты түрде қызмет алады. Оның 17-сі – бала, қалғаны – ересектер. Олар күн сайын түрлі бейімдеу және оңалту бағытындағы сабақтарға қатысады.

Айта кетейік, Қарағанды облысында қазір 54 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 5 мыңнан көбі – бала. Ал еліміз бойынша ерекше бала саны 120 мыңға жуықтаған. Сондықтан оларды оңалту мен қоғамға бейімдеуге бағытталған әр бастаманың маңызы зор.

Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Мүгедектігі бар азаматтардың еңбегі қалай қорғалады

Толық көрсету