Әйелдер көшбасшылығының жаңа кезеңі: Алматыда қала дамуына әсер ететін шешімдер қабылданды

«AMАNAT» партиясының баспасөз қызметі
«AMАNAT» партиясының баспасөз қызметі

Мегаполисте 1,2 миллионнан астам әйел тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында саясаттағы әйелдердің рөліне арналған ең ауқымды әрі мазмұнды диалогтардың бірі өтті – қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы мен Әйелдер қанатының кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Отырыс нәтижелері әйелдер көшбасшылығын дамытудың жаңа кезеңін ашып, қаланың формалды емес, нақты гендерлік теңдікке ұмтылуға дайын екенін көрсетті.

Әйелдердің басқарушылық әлеуеті зор, алайда ол толық қолданылмай отыр

Әйелдер қанатының төрайымы Алтынай Көбеева таныстырған аналитикалық баяндамада әйелдердің партия мүшелерінің 75,4% құрайтыны, бастауыш партия ұйымдарында белсенді жұмыс істейтіні және көптеген әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүргені айтылды.

Алайда қаланың басқару құрылымдарындағы жағдай басқаша:

  • 23 қалалық басқарма басшысының тек 2-і – әйелдер (8%);
  • әкімдер мен олардың орынбасарлары қатарында әйелдер үлесі – 12,5%;
  • қалалық мәслихатта 42 депутаттың 10-ы – әйелдер.

Бұл деректер талқылаудың негізгі тақырыбына айналып, жаңа шешімдер қабылдауға негіз болды.

Алматыда әйелдерді ілгерілетудің жаңа жүйелі моделі қалыптасуда

Отырыста нақты нәтижелер көрсетіп үлгерген бірнеше жоба ұсынылды:

  • Әйелдер көшбасшылығы мектебі мен «Баян Сұлу» бағдарламасы басқарушылық лауазымдарға дайын 40-тан астам жаңа әйел көшбасшыны даярлады.
  • «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» бағдарламасы 10 ірі кәсіпорында жүргізіліп, икемді жұмыс кестесінің жоқтығынан бастап мансаптық өсу мүмкіндіктерінің шектеулігіне дейінгі негізгі кедергілер анықталды.
  • Әйелдер қанатының бастамасымен биыл психологтардың жалақысы 30%-ға көтерілді, бұл әйелдер басым еңбек ететін әлеуметтік салаларды жүйелі қолдаудың алғашқы үлгісі болды.

Алматы халықаралық ынтымақтастықты күшейтеді

Отырыста Әйелдер қанаты делегациясының Қытайға сапары және «Қытай Әйелдер Конфедерациясы» ұйымымен келіссөздері ерекше назар аудартты. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, гендерлік саясаттың цифрлық құралдарын дамыту бағытындағы ұсыныстар Алматыға жаңа халықаралық жобаларға жол ашады.

2026 жылы Алматыда Қазақстан–Қытай әйелдер жәрмеңкесі өтеді, онда әйелдер бизнесін дамыту негізгі тақырыптардың бірі болмақ.

Әйелдер саясаты – «қағаз жүзіндегі теңдік» емес, нақты кадрлық шешімдер

Талқыланған шаралар қатарында:

  • әйелдердің басқару үдерісіне қатысуын қадағалайтын заманауи цифрлық мониторинг жүйесін құру;
  • әйелдер қанатының кадрлық резервін кеңейту;
  • әйелдерді қалалық басқару құрылымдарына ілгерілету бойынша ұсынымдар пакетін әзірлеу;
  • әйелдер негізін қалаған микробизнеске қолдау көрсету;
  • өндірістік кәсіпорындарда кәсіби даму бағдарламаларын күшейту бар.

Отырыс Алматыда әйелдер саясаты жеке бағыт ретінде емес, қаланың стратегиялық даму саясатының бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетті.

 «Алматыда 1,2 миллионнан астам әйел тұрады. Бұл – барлық деңгейдегі билік құрылымдарында лайықты ұсынылуы тиіс орасан зор ресурс. Әлеует бар – енді оны іске асыратын нақты механизмдер қажет», - деп атап өтті әйелдер қанатының төрайымы Алтынай Көбеева.

Қатысушылар бірлескен жұмысты күшейтуге, әйелдер бастамаларын қолдауды кеңейтуге және ұсынылған шаралардың орындалуын қамтамасыз етуге келісті.

«AMАNAT» партиясы 2026 жылы гендерлік саясатты жүзеге асыруды негізгі басымдықтардың бірі ететінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімінің орынбасары Алатау ауданы тұрғындарымен кездесті

Новости партнеров