Қабырғасы қақырап, шатыры опырылған: Атыраудағы тозығы жеткен үйдің тұрғындары көмек сұрайды
Атырауда 89 апаты баспана бар
Атырауда жарты ғасыр бұрын тұрғызылған қамыс үй тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. Екі қабатты баспананың тозығы жетіп, қабырғасы қақырап, шатыры опырыла бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала тұрғыны Гүлмира Мақсотова бұл үйде 20 жылдан бері тұрып келеді. Айтуынша, жаңбыр жауса төбеден су сорғалап, қыста еденнен сыз өтеді. Ал, дәліздегі ашық-шашық жатқан электр сымдары қауіпті күшейте түскен.
«Күз келе жатыр жоғарыдан су ағады, үйдің іші көк. Жарымыз жарылып жатыр. Жерге түсіп жатыр. Үлкен кісілер, кішкентай балдар тұрады. Қыста балалар ауырып шығады. Әкімідік табалдырығын тоздырдық, баспана апатты жағдайда деп танылған. Жоғарыдан проблемаға назар аударуын талап етеміз», – деді қала тұрғыны Гүлмира Мақсотова.
Екі қабатты үйдің іші адам шошырлық күйде. Есіктер мен терезелер сынып, қабырғалар қақырап тұр. Тұрғындардың тынымсыз арызынан кейін бұл баспана ресми түрде апатты деп танылған. Бірақ қала әкімдігі тарапынан әлі әрекет жоқ.
«Мына үй өте қауіпті. Апатты деп танылған ғой, енді тезірек жаңа баспанаға көшірсе екен. Өйткені, әрең күн көріп отырмыз. Барлық жауапты мекемелер, қала әкімдігі осы мәселеге назар аударса екен деймін. Себебі бір күні үйінді астында қалып қоямыз ба деген қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз», – деді қала тұрғыны Қалима Рәзиова
Қала әкімдігі баспананы биыл ғана апатты үйлер қатарына қосыпты. Қазір арнайы комиссия құрылып, қаулы қаралып жатқанын жеткізді.
«8 пәтерлік үй апатты деп танылған. Комиссия қарайды, содан кейін апатты үйді сүру жөнінде қаулы шығады. Атырауда 89 апаты баспана бар»,– деді
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жасұлан Қамзаев.
Биыл Атырауда апатты үйлердің тұрғындарына 66 пәтер үлестіріліпті. Бірақ жоғарыда айтылған баспана бұл тізімде жоқ. Қыстың қаһарынан қорыққан жұрт енді облыс әкіміне арыз айтамыз деп бекініп отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Қазылған жерді қалпына келтірмеді: ақтөбеліктер жол азабын тартып келеді