Қайтарылған активтер: Қазақстанда үш әуежай жаңартылды

02.09.2026 12:21

Қайтарылған активтер өңірлердің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталуда

ҚР Көлік министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасымен прокуратура органдары мемлекет меншігіне 1 триллион теңгеден астам қаражат қайтарды. Бұл қаржы мектептер, ауруханалар, спорттық және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бас көлік прокуратурасынан хабарлағандай, көлік саласында қайтарылған активтер есебінен жалпы құны 40 миллиард теңгеден асатын 6 ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның үшеуі қазірдің өзінде аяқталған.

Солардың бірі – Павлодар әуежайын қайта жаңарту. Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен әуежайдың ұшу-қону жолағы жаңартылды. Соның нәтижесінде оның өткізу қабілеті сағатына 200-ден 300 жолаушыға дейін артты.

Арқалықтағы әуежай да жаңартылды. 30 жылдан астам уақыт бойы қала мен жақын аудандардың тұрғындары тұрақты әуе қатынасына қол жеткізе алмаған еді. Биыл 22 тамызда қайтарылған активтер есебінен жаңа терминалдың құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.

Бұдан бөлек, 1 маусымда тұрғындар мен туристер жиі пайдаланатын Балқаш әуежайы пайдалануға берілді.

Жаңартылған әуежайлар өңірлердегі әуе қатынасын жақсартып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және көлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Бас көлік прокуратурасы көлік саласындағы жобалардың заңды іске асырылуын және мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды жалғастырады.

Оқи отырыңыз: Баланың сабаққа зейінін арттыратын тағамдар аталды

Толық көрсету