Қайтарылған активтер: СҚО-да қандай әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр

26.02.2026 12:24

Жобалар қатарында аурухана мен инфрақұрылымды жаңғырту, 20 мың тұпрғынды ауыз сумен қамту да бар

Аlmaty.tv

Солтүстік Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жалғасуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Прокуратура органдары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бойынша бақылау жұмысын жүйелі жүргізуде.  

Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау және коммуналдық шаруашылық салаларында  халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, сонымен бірге әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 5 жоба жүзеге асырылуда.  

"Тайынша ауданында көпбейінді ауданаралық ауруханасының қабылдау бөлмесін қалпына келтірумен ғимараттың  бірінші қабатында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде", - делінген прокуратура хабарламасында.  

Жобаны жүзеге асыру мекеменің облыстың тұрғындарына заманауи стандарттарға сәйкес шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.  

"Петропавл қаласында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аумағының инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде, бұл инвестицияны тарту, өндірістік әлеуетті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құрастыру үшін қосымша мүмкіндіктерді береді", - делінген хабарламада.  

Одан басқа, Пресновка және Соколовка топтық су құбырларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, бұл облыстың 20 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік деңгейін арттырады және селолық елді мекендерде өмір сүру жағдайын жақсартады.  

Өңірде қайтарылған активтер есебінен білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларында  барлығы 34 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.  

Облыс прокуратурасы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың мониторингін жалғастыруда.

Оқи отырыңыз: Алаяқтардың жаңа айласы: 8 наурыз қарсаңында арзан гүлге алданбаңыз