Қайтарылған активтер: Жамбыл облысында 28 әлеуметтік нысан салынып жатыр

28.07.2026 16:25

Өңірде 15 ауыз су нысаны іске қосылып, 28 мың тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етілді

Жамбыл облысында қайтарылған заңсыз активтерге 28 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Былтыр өңірде 18 ғимарат ел игілігіне берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қордай мен Талас аудандарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар бой көтерсе, Меркі аудандық ауруханасына күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы медициналық қызметке қол жеткізді. Сонымен қатар өңірде 15 ауыз су нысаны іске қосылып, 28 мың тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етілді.

«Бүгінгі нысанымыз Қарасай ауылдық округіне қарасты, Қарасай ауылының ауыз су желілері жұмыстарын бақылауға келдік.  Жалпы құрылыс монтаж жұмыстарын пайызбен алып қарасақ, 80 пайызға бітіп тұр. Құрылыс нысандарының қаржыландыру көзі  активтерді қайта қайтару бюджетінің есебінен салынып жатыр», – деді Қордай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Әнуар Әбсейітов.

Президенттің тапсырмасына сәйкес заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Соның есебінен облыста денсаулық сақтау саласын дамыту мен ауыз су инфрақұрылымын жаңғыртуға 20 миллиард теңге бағытталған. Ал келесі жылы өңірде тағы 10 әлеуметтік маңызы бар нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Бүгінде прокуратура мен жергілікті атқарушы органдар мен бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асқан игі жобалар халықтың үлкен ризашылығына ие болып отыр. Сегіз ауыз су жобасы, 2 медициналық жобаның құрылысы жалғасуда», – деді Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда Recycle Бірге акциясы аясында 430 сынапты шам жиналды