Бұл мәселеде адамның марқұмға кім болып келетіні маңызды емес
Банк немесе микроқаржы ұйымы қайтыс болған адамның туыстарынан тек туыстық байланысы үшін несиесін өтеуді талап ете алмайды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы – баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов мәлем етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап
Оның айтуынша, бұл мәселеде адамның марқұмға кім болып келетіні емес, мұраны қабылдап-қабылдамауы маңызды.
– Банк немесе микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қайтыс болған қарыз алушының туыстарынан тек олардың туыстық қатынастарына байланысты кредитті өтеуді талап етуге құқы жоқ.
Кредитор қарызды өтеу туралы талапты мұраны қабылдағаннан кейін ғана мұрагерге қоя алады.
Мұраны қабылдау және оны заңда белгіленген тәртіппен рәсімдеу осы жағдайда маңызды. Бұл ретте мұрагердің жауапкершілігі өзіне қалған мұраның құнымен шектеледі. Осылайша, ол марқұмның қарызын өз қаражаты есебінен толық өтеуге міндетті емес, - деді спикер.
Сондай-ақ айта кету керек, заңнама басқа адамдарға қайтыс болған қарыз алушының берешегін өз еркімен өтеуге тыйым салмайды. Алайда бұл олардың кредитті төлеуге міндетті екенін білдірмейді.
Оқи отырыңыз: Есірткі қылмысы: ІІМ балалардағы алаңдататын белгілерге назар аударуға шақырды