«Таза қала» акциясы жай ғана сенбілік емес, үлкен бастамаға айналды
«Таза Қазақстан» бастамасы тазалық десе қарап отыра алмайтын мыңдаған тұрғынның басын қосып, «Таза қала» атты үлкен экологиялық акция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала тұрғындары, ұйым өкілдері, еріктілер мен жастар туған қаласын таза ұстап, көркейте түсуге өз үлесін қосу үшін көшеге шықты.
Таңертеңнен бастап Алматының әртүрлі ауданында жұмыс қызып, акцияға қатысқандар саябақтар мен алаңқайларды, аула аумақтарын ретке келтіріп, көшелерді қоқыстан тазартып, қоғамдық кеңістіктерді абаттандырды.
Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп, алматылықтар жаңа ағаштар мен көшеттер егіп, қаланың экологиялық болашағына әркім өзінше үлес қосты.
«Таза қала» акциясы жай ғана сенбілік емес, азаматтық жауапкершілік пен туған жерге деген сүйіспеншілікті көрсететін үлкен бастамаға айналды.
Әртүрлі жастағы адамдар мен түрлі мамандық иелері жиналған бұл жолғы акция қаланың тазалығына бәрі жауапты екенін қайтара еске салды.
Мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоғамдағы бірлік сезімін нығайтып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға ынталандырады.
Осылайша, Алматы айналасын аялай білетін адамдардың тағы басын қосты.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа мектептер ашылып жатыр