Қалдықтардың екінші өмірі: Алматыда литий-ионды батареялар мен тұрмыстық қоқыстар қалай өңделеді

05.06.2026 21:29

Пайдаланылған батареялар алдымен қауіпсіз түрде қайта өңдеуге жіберіледі

Almaty.tv

Алматыда тәулігіне 1200 тонна тұрмыстық қалдық қоқыс сұрыптау кешеніне жеткізіледі. Бұл туралы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған баспасөз турында айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Баспасөз турының алғашқы нысаны – Қазақстан мен Орталық Азиядағы литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдейтін алғашқы зауыт болды. Қатысушыларға пайдаланылған батареяларды шығарудың кезеңдері көрсетілді. Бұл мекеме 2024 жылдан бері нарықта. «Біздің мақсатымыз – қалдықтарды қауіпсіз түрде жою ғана емес, олардың құрамындағы құнды материалдарды қайта айналымға енгізу», - дейді зауыт қызметкерлері.

«Кәсіпорынның өндірістік желісі сағатына 300 келіге дейін батарея өңдей алады. Сегіз сағаттық жұмыс ауысымында шамамен 2-2 жарым тонна қуат көзі мен аккумулятор кәдеге жаратылады. Қазіргі жүктемемен жылына 150 тоннаға дейін өңделеді. Бұл - өндірістік қуаттың небәрі 30 пайызы ғана. Сондықтан кәсіпорын өңдеу көлемін үш есеге дейін арттыруға қауқарлы», – деді кәсіпорынның техникалық директоры Фархаджан Юнусбаев.

Пайдаланылған батареялар алдымен қауіпсіз түрде қайта өңдеуге жіберіледі. Ол үшін олардың қуаты толықтай сөндіріледі. Осыдан кейін батареялар ұсақталып, біртекті массаға айналады екен.

«Келесі кезеңде осы массадан батарея корпусы, сепаратор, катод пен анод материалдары, сондай-ақ алюминий және мыс фольгасы бөлініп алынады. Бұл процесс бірнеше физикалық-химиялық әдіс арқылы жүзеге асады. Нәтижесінде, алюминий және мыс үгінділері, сондай-ақ қара масса алынады. Оның құрамында никель, кобальт, марганец секілді металлдардың қосылыстары бар. Олар кейін қайта өңделіп, өндірісте кеңінен қолданылады. Қайта өңдеудің екі негізгі артықшылығы бар. Біріншісі – қоршаған ортаны ластанудан қорғау, екіншісі – бағалы шикізатты қайта айналымға енгізу», – деді кәсіпорынның бөлім басшысы Федор Мальчик.

Журналистер аялдаған келесі нысан – еліміздегі ең ірі қоқыс сұрыптау кешені. Кәсіпорын сегіз жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мұнда қатты тұрмыстық қалдықтар әкелінеді. Кәсіпорында сұрыптау жұмыстарымен айналысатын 600 қызметкер бар. Ал жалпы қайта өңдеу саласында 700 маман еңбек етеді. Сондай-ақ мекемеге тәулігіне шамамен 250-ге жуық жүк көлігі қоқыс тасымалдайды.

«Зауыт тәулік бойы, аптасына 7 күн үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда әкелінген барлық қалдық алдымен сұрыптаудан өтеді. Ол аяқталған соң қайта өңдеуге жарамды материалдар тиісті кәсіпорындарға жөнелтіледі. Бұл полигондарға шығарылатын қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Қала бойынша күн сайын 1200 тонна тұрмыстық қалдық жиналады. Бұл – тек коммуналдық қызметтер жеткізетіні ғана», – деді кәсіпорын басшысы Сергей Колесник. 

«Бүгінгі сапардың басты мақсаты – осы кәсіпорындардың қызметімен танысып, олардың өндірістік үдерісін, қолданатын технологияларын және жұмыс ерекшеліктерін өз көзімізбен көру. Ең бастысы, бұл кәсіпорындар Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға елеулі үлес қосып отыр. Олар тұрғындардың экологиялық санасын арттыруға ықпал етеді. Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұруы қажет», – деді

Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Қожекенов.

Зауыттағы мамандар жұмыстың ауырлығына қарамастан, ісіне жауапкершілікпен қарайды. Өйткені бұл – келешек ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға жұмсалған үздіксіз үлес.

Айдана Шалқар, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Рәміздер күні: Алматыда ғылыми-практикалық конференция өтті