Іс-шара Әнұранды салтанатты түрде орындаумен басталып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталды
Алматыда Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Іс-шара Әнұранды салтанатты түрде орындаумен басталып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталды. Жиынға ғылыми қауымдастық өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жастар ұйымы мен қоғам белсенділері қатысты. Барлығы 70-ке жуық адам бас қосқан конференцияда мемлекеттік рәміздердің тарихи, рухани және құқықтық маңызы кеңінен талқыланды. Қатысушылар Ту, Елтаңба және Әнұран – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттіліктің басты белгілері екенін атап өтті. Сондай-ақ басқосуда рәміздерге құрмет көрсету әр азаматтың елге деген жауапкершілігінен басталатыны айтылды.
«Рәміздер күнін жастардың жүрегіне жететін, еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілігін оятатын үлкен мереке ретінде ұрылтауымыз керек. Бүгінгі конференцияның мақсаты –осы», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов.
Конференция барысында Конституцияның қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы және азаматтық келісімді нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды. Спикерлер Ата заң мемлекеттің дамуына бағыт беретін негізгі құжат екенін айтып, құқықтық мәдениетті арттырудың маңызын атап өтті. Әсіресе жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері көтерілді. Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар азаматтық жауапкершілік пен құқықтық сауаттылықты арттыруға қатысты ойларын ортаға салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар елдік мүддені айшықтап, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және азаматтық жауапкершілікті күшейтуге ықпал етеді.
«Мемлекеттік рәмізді сыйлауды мектептен, балабақшадан, үйден де бастау керек. Мектептерде құқықтық негіздер деген пән өтеді. 9 бен 11-сынып арасында. Оқулық авторы ретінде осы мәселені айтым келеді», – деді заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраева.
Оқи отырыңыз: Стоматологиядағы тренд: ғалымдар тіс протезін жасаудың тың тәсілін таныстырды