Қан қысымы көтеріліп жатыр: Атырауда сасық иіске тұншыққан тұрғындар дабыл қақты

26.01.2026 20:29

Мамандар күкірсутегінің шекті нормадан асып кеткенін растап отыр

Атырауды сасық иіс жайлап, тыныс алу қиындады. Әсіресе қала іргесіндегі Тасқала, Дамбы, Алғабас, Сая елдімекенінің тұрғындары ауадағы жағымсыз иістен бала-шаға шетінен құсып, қарт кісілердің қан қысымы көтеріліп кеткенін айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сасық иіске тұншыққан тұрғындардың шыдамы шегіне жеткен. Әсіресе соңғы үш күндегі мүңкіген иістен тіпті басы айналып, ауа жұту мұңға айналған.

«Кешкісін қаладан келіп, қатты ауырып жедел жәрдем шақырттым. Басым ауырды. Қан қысымым көтеріліп, бір өлімнен аман қалдым. Балалар да ауырып жатыр, қазір. Жүруден қалдық. Дәрінің көмегімен ғана жүрген адаммын ғой», – деді қала тұрғыны Нұргүл Түсіпова.

Тұрғындар ойынша, жақын маңдағы кәсіпорындар түтінді пайдаланып ауаға лас қалдықтарын шығарып жатыр.

«Күндіз-түні терезе ашу мүмкін емес, бала ойнатуға мүмкіндік жоқ. Әкімге айтып жатырмыз, бірақ халыққа көмектесіп жатқан әкім жоқ. АМӨЗ түтіні бүкіл бала-шаға елді ауру қылды, Саяда сау адам жоқ. Үлкені қан қысымы көреріліп,  кішісі эпилепсия, сүйек ауруына шалдыққан», – деді қала тұрғыны Динара Молдағалиева.

Мамандар күкірсутегінің шекті нормадан асып кеткенін растап отыр. Бұған Атырау мұнай өңдеу зауытының қатысы бар екенін де мойындайды. Қазір тиісті сараптама тағайындалып, тексерісті бастамақ.

 «Сая, Алғабас, Тасқала елдімекендерінің тұрғындарынан экология департаментіне шағым түскен. Біз дереу барып, зерттеу жүргіздік. Анықталғандай  күкіртсутегінің мөлшері нормадан асып кеткен. Тасқалада 17 рет, Химпоселкіде 30 рет заңбұзушылық анықталып отыр. Енді Атырау мұнай өңдеу зауытының қатысы бар. Сәйкесінше тексеріс басталады. Егер заңбұзушылық анықталса, шара қабылданатын болады», – деді Атырау облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есенов.

Ал зауыттағылар «сасық иіске түк қатысымыз жоқ» деп отыр. Олардың айтуынша, жағдайға табиғи құбылыс себеп.

 «Санитарлық аймақ бойынша күкірт сутегі 6С,12С,С 19, көмірсутектері және зауыттың арнайы спецфикалық бензол ксенол бойынша барлық көрсеткіші нормадан асқан жоқ. Иіс шықса жел бағытына назар аударуды сұраймыз. Сол күні жел бағыты солтүстік шығыс бағыттан, солтүстіктен соғып тұр. Зауыттан басқа да ластаушы көздер бар, оны құзырлы органдар анықтайтын болады», – деді АМӨЗ Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері Мөлдір Борашева.

Тынысы тарылған жұрт талабы орындалғанша тынбайтынын айтты. Ал экологтар қазір тексерісті бастап, зауыттың қатысы бар-жоғын анықтауға кірісті. Енді ақ-қарасы арнайы сараптамадан соң белгілі болмақ.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Арал ауданында жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылды