«Қан мен тер» роман-эпопеясы алғаш рет заманауи балет тілінде сахналанды
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын ашты
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын ашты. Жаңа маусымның шымылдығын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-эпопеясының желісі бойынша қойылған «Ақбала» ұлттық балеті түрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көрермен жаңа қойылымды ерекше ықыласпен күтіп, ұзақ қошеметпен қарсы алды. Абай атындағы театр тарихында бір кездері тұтас дәуірдің тынысын бейнелеген Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы тұңғыш рет заманауи балет тілінде ұсынылып, көпшілікке сөзсіз жеткізілді. ¤
«Заманауи болғанымен, бұл – ұлттық ДНК-мызды сақтай отырып, хор, қылқобыз, симфониялық оркестр, опера солисі, балет сынды ұжымның жиынтығынан құралған балет», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры директоры Айнұр Көпбасарова.
«Таныс шығарманы балет түрінде көру – көбіне түсінікті. Мақсат – ұлттық балет арқылы тек көрерменді емес, ұлттық дүниені таныстыру, ұлтқа жаңа жанрды ұсыну», – деді либретто авторы Шынар Омарова.
Қойылымның шығармашылық құрамында қазақстандық және шетелдік мамандар еңбек еткен. Балеттің музыкасын жас композитор Аружан Октябрь жазса, хореограф-қоюшысы – Германиядан келген Аршак Галумян. Ал либретто авторы – Шынар Омарова. Сондай-ақ қойылымның сценографиясын италиялық Элеонора Перонетти әзірлепті.
«Театрдың репертуарымен жақсы таныспын. Тұнып тұрған классика. Еліңіздің тарихы да тереңде жатыр, сондықтан оған үлкен құрметпен қараймын. Осы шығарманы көрерменге өз деңгейінде жеткізе аламын ба, олар оны қалай қабылдайды деген ойлар мені алаңдатқаны рас. Балеттегі дене тілі – сөзсіз-ақ ақпарат жеткізіп, сезімді, кейіпкердің мінезін және оқиғаның желісін көрерменге жеткізетін аса биік өнер», – деді хореограф Аршак Галумян.
«Ақбала» қойылымы – тарихи өзгерістер мен аумалы-төкпелі заманда өмір сүрген жандардың тағдырын суреттейтін терең драма. Онда Арал өңірінің қасіреті, адамның туған жермен байланысы, махаббат пен аналық мейірім секілді маңызды тақырыптар қозғалады. Ал теңіз, ана бейнесі, шаңырақтың күйреуі және біртіндеп сөніп бара жатқан тіршілік – шығармадағы негізгі символдар. Шығармашылық ұжымның айтуынша, бұл қойылым ұлттық мәдени мұраны сақтай отырып, оны заманауи көркемдік тәсілдер арқылы жаңаша танытуға ұмтылған бірегей жоба болмақ.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов