Қанат қаққан қамқорлық: алматылық студенттер құстарға ұя жасады

Іс-шарада колледж стденттері Іле Алатау мемлекеттік ұлттық паркіне барып, таулы аймақтағы қауіпсіздік ережелерімен танысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық студенттер «Таза Қазақстан» акциясы аясында құстарға ұя жасап, орнатты. Экологиялық науқан «Қанат қаққан қамқорлық» деп аталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Іс-шарада колледж стденттері Іле Алатау мемлекеттік ұлттық паркіне барып, таулы аймақтағы қауіпсіздік ережелерімен танысты. Мұнымен қоса, жастар демалыс орнын қоқыстан тазартып, артынша, тимбилдинг ұйымдастырды.

Құстарға ұя жасап, орнату – Алматы мемлекеттік бизнес колледжі жастарының жылдағы үрдісі. Бүгінде 50-ге жуық студент Іле Алатауы ұлттық паркіне барып, тіршілік иелеріне қамқорлық жасады. Мұнымен қоса, айналаны қоқыстан тазартып, демалушыларға жағдай жасады. Артынша, жастар таза ауа аясында тимбилдинг ұйымдастырып, сырғанақ тепті.

«Екі жылдан бері таулы аймақтардағы қоқыстардан тазарту, аңдарды қорғау сынды түрлі тақырыптарға байланысты жұмыс жасаймыз. 1-2 курс студенттерін алып келеміз», – деді  колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Марат.

Айта кетейік, «Қанат қаққан қамқорлық» экологиялық науқаны Іле Алатауы мемлекеттік паркімен бірлесе отырып ұйымдастырылған. Биыл ұлттық паркке - 30 жыл толып отыр. Сондықтан ондағы мамандар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін нығайтуға бағытталған іс-шараларды көптеп өткізуді жоспарлап отыр.

«Жыл бойы экологиялық акциялар, түсіндірме жұмыстары, ғылыми, дәріс сабақтар өткізіледі. Жазда ғана емес, Ұлттық парк қыста да мектеп, ЖОО, колледж студенттері, еріктілермен өте тығыз байланыста жұмыс жасайды. 100-ге жуық келісімшарт, меморандумға қол қойылған», – деді Іле Алатауы МҰТП экологиялық ағарту және рекреациялық мониторинг бөлімінің басшысы Жансая Аутәліп.

Соңғы уақытта таза ауада тыныстап, салауатты өмір сүру салтын ұстанатындар саны көбейген. Сәйкесінше, Ұлттық паркке келушілер саны да артыпты. Мәселен, 2024 жылы 800 мыңнан аса адам тауға келсе, былтыр бұл сан 1 миллионға жуықтаған. Алайда жұрттың дені тазалық шараларын сақтамайды. Сондықтан мамандар экологиялық мәдениетті бала күннен қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Мүмкіндігі шектеулі алматылық бойжеткен үй жануарларына арнап қонақүй ашқан

Новости партнеров