Аталған дәруменді өз бетінше қабылдамас бұрын дәрігер кеңесіне жүгіну қажет
Ағзадағы D дәруменінің тапшылығы қатерлі ісіктің бірқатар түрінің даму қаупін арттыруы мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
News.ru жазуынша, D дәрумені жасушалардың қалыпты жұмысын реттеуде маңызды рөл атқарады
"Ол жасушалардың көбеюі, жетілуі және зақымданған жасушалардың табиғи жолмен жойылуы (апоптоз) сияқты үдерістерге қатысады. Егер ағзада бұл дәрумен жетіспесе, аталған үдерістер бұзылып, қатерлі ісіктің даму қаупі артуы мүмкін", - дейді эндокринолог дәрігер Анна Кузнецова .
Дәрігердің айтуынша, эпидемиологиялық зерттеулер D дәруменінің төмен деңгейі сүт безі, тоқ ішек, қуықасты безі, аналық без, өңеш обыры және басқа да онкологиялық аурулардың даму қаупімен байланысты екенін көрсеткен.
Сонымен қатар маман D дәрумені қоспаларын қабылдау онкологиялық аурулардың алдын алатыны әлі толық дәлелденбегенін атап өтті.
Дегенмен ағзадағы D дәруменінің қалыпты деңгейін сақтау онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге ықпал етуі мүмкін.
Айта кетейік, АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институтының (NIH) мәліметінше, D дәрумені сүйек саулығын сақтаумен қатар иммундық жүйенің қалыпты жұмысында маңызды рөл атқарады. Ал оның деңгейін анықтау және қажет болған жағдайда қоспаларды қабылдау мәселесін міндетті түрде дәрігермен кеңесіп шешкен жөн.
Ескере кетер жайт, D дәруменін өз бетінше қабылдамас бұрын дәрігердің кеңесіне жүгіну қажет.
Оқи отырыңыз: Алматыда 3-9 тамыз аралығында ауа райы қандай болады