Қандай салық түрлері қысқарды: мамандар түсіндірді

17.02.2026 13:27

Бұған дейін Қазақстанда жеті түрлі арнаулы салық режимі болған

Алматыда жаңа Салық кодексінің ережелері түсіндірілді. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында нормаға енгізілген өзгерістер жайлы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін Қазақстанда жеті түрлі арнаулы салық режимі болған. Енді олардың саны қысқарып, үш бағыт қалды. Дәлірек айтсақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, оңайлатылған декларация және шаруа қожалықтарына арналған тетік. Мамандар салық жүйесін жеңілдетіп, азаматтарға түсінікті ету мақсатымыз деп отыр.

 «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін міндеттемелер барынша жеңілдетілді. Оларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Демек жеке табыс салығын төлеуден босатылады, яғни мөлшерлеме 0 пайызды құрайды. Тек табыстың 4 пайызын әлеуметтік төлем ретінде аударып отырады. Бұл зейнетақы және медициналық сақтандыру сияқты жүйелерге қажет», – деді Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрлыбек Оспанов.

Ал шағын және орта бизнес иелері үшін оңайлатылған декларация режимі қарастырылған. Оны жылына 2,5 миллион теңгеге дейін табыс табатын кәсіпкерлер қолдана алады. Бизнес иелері үшін мөлшерлеме 4 пайыз, олар жылына екі рет декларация тапсырады. Ал шаруа қожалықтарының иелері үшін айтарлықтай өзгеріс жоқ.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда табақ шыны импортын алмастыру үлесі 50%-дан асты