Қанды оқиға: қаза болған жасөспірімнің туыстары әділдік талап етті

04.05.2026 19:23

Марқұмның туыстарының айтуынша, 17 жастағы жігіт бірнеше жерден пышақталған

Алматыда жаппай төбелестен көз жұмған Дінмұхамед Есенгелдінің жақындары істің әділ қаралғанын талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Марқұмның туыстары кәмелетке толмаған ұлдарының аяусыз өлтірілгенін айтты. Сөздерінше, 17 жастағы жігіт бірнеше жерден пышақталған. Ауыр жарақат салдарынан тіпті ауруханаға жетпей жан тапсырған. Қайғылы жағдай күні Дінмұхамед досының үйінде болатынын ескертіп кеткен. Қаралы хабар ата-анасына 30 сәуірде таңда жетіпті.

«Баламды қой сияқты пышақтап кеткен, бұл жастар қайда барады? Баламды жай ұрып, басын жарып, аяғын сындырса болар еді ғой. Әкесі бірнеше жерден пышақтағанын көрген. Баламды қатты сағындым. Димашым жақсы бала еді», – деді марқұм болған жасөспірімнің анасы Гүлшат Әбдірәсілова.

Еске сала кетейік, жантүршігерлік оқиға 29 сәуірден 30-ына қараған түні қаладағы компьютер клубтарының бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 17-18 жас аралығындағы жігіттер өзара сөзге келіп, жанжалдасқан. Сол сәтте қатысушылардың бірі пышақ қолданып, екі адам ауыр жарақат алған. Салдарынан қос азамат көз жұмған. Бүгінде аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, қатысы бар 12 адам тергеліп жатыр. Оның үшеу күдікті деп танылды.

Оқи отырыңыз:  Павлодарда адамдарды заңсыз тасымалдаған күдікті ұсталды