Қапшағайда жаңа жағажайлар ашылып, туристік инфрақұрылым жаңғыртылды

14.07.2026 21:21

Су қоймасында 140-тан аса демалыс орны көпшілікке қызмет көрсетеді

Жаздың аптап ыстығында тынығуға таптырмас мекен – Алматы облысында орналасқан Қапшағай. Бұл аймақ - бүгінде еліміздің туризмін дамытып отырған негізгі бағыттардың бірі. Мамандардың сөзінше, аталған өңірге демалыс күндері 15 мыңнан астам адам келеді. Алайда көпшілік қауіпсіздік ережелерін ескере бермейді екен. Соның салдарынан шомылу маусымы басталғалы бері 6 адам суға кетіп, 25 адам құтқарылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жалпы, Қонаев қаласында 6 коммуналдық жағажай бар. Оның біреуі шағын көлемді қайықтарға арналған айлақ болса, қалғаны демалушылар үшін жұмыс істейді. Бүгінде олардың әрқайсысында құтқарушы мұнаралары, бейнебақылау камералары және санитарлық тораптар орналасқан. Мамандардың айтуынша, әр жағажайға демалыс күндері 2 мыңнан астам адам келеді.

Жалпы, Қапшағайда 140-тан аса демалыс орны көпшілікке қызмет көрсетеді. Қалалық әкімдік өкілінің сөзінше, былтыр бірқатар жағалауда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халыққа қолайлы жағдай жасалған. Биыл да 7 және 8 жағалау күрделі жөндеуден өтіп, ертең қолданысқа берілмек. Ал 4-коммуналдық жағалау жаңа кейіпке енген.

«Мұнда туристер мен демалушылардың тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, 56 коммерциялық павильон, инклюзивті павильон, визит орталығы, медициналық пункт, учаскелік полиция, құтқару бекеттері, одан бөлек, санитарлық тораптар, 450-ден астам жатып демалатын орын салынды. Сондай-ақ гидроскутерлер мен катерлердің тұрақтары үш жерден қарастырылған», – деді «Жасыл қала» КММ басқарушы директоры Бауыржан Жұман.

Биыл су қоймасында қауіпсіздікке ерекше мән берілген. Яғни, әр жағалауда жүз метр сайын бақылау мұнарасы, күндіз-түні судағы қауіпсіздікті бақылайтын бейнекамералар, арнайы белгілер мен тақтайшалар орнатылған.

«Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су қоймасында 11 мобильді бекет орнатылды. Олар күн сайын кезекшілік атқарады. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен, министрліктің қолдауымен материалдық-техникалық базамыз кеңейіп келеді. Яғни үлкен әмбебап су көлігі мен скутер алынды. Қауіпсіздік – басты назарда», – деді Қонаев қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері Дінмұхаммед Жүнісов.

Қапшағайға демалуға келгендердің сөзінше, биыл жағажайлардың жағдайы айтарлықтай жақсарған. Қонақтар тазалықтың сақталғанын, қауіпсіздік шараларының күшейгенін және тынығуға қолайлы жағдай жасалғанын айтады. Бірінің қауіпсіздік талаптарының сақталуына көңілі толса, енді бірі Қонаевтың туристік келбеті жылдан-жылға жақсарып келеді дейді.

«Өте керемет болып өзгерген. Бір байқағаным, қоқыс жәшіктері көптеп қойылған, айнала тазарған. Суда қай жерге дейін баруға болатыны белгіленген. Құтқарушылар қай жерден аспау керектігін ескертіп отырады. Сол жағы маған ұнады», – деді демалушы Мәди Әли.

«Біз Түркістан облысынан, Шымкенттен келіп тұрмыз. Келмегенімізге 10-15 жыл болған екен. Өте керемет, жақсы дамыған. Өзімді шетелде жүргендей сезініп жатырмын. Біз сыныптастарымызбен келіп, отбасылық демалыс ұйымдастырып жатырмыз. Өте керемет», – деді демалушы Тайыр Әшіров.

Мамандардың сөзінше, қазір Қапшағайда күнделікті рейдтер ұйымдастырылып, балалар мен ересектерге қауіпсіздік ережелері жазылған парақшалар таратылып жатыр. Десе де, құтқарушылар «ең алдымен, әркім өз өмірі үшін өзі жауап беруі керек» дейді.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Әлемдік жұлдыз Рики Мартин Алматы сахнасында өнер көрсетеді