«Қара жәшік» пен координаттар: әуе кемесіне лазер бағыттағандар қалай анықталады

22.06.2026 19:17

Республика бойынша лазерлік құрылғылардың көмегімен ұшақтардың жұмысына кедергі келтіру фактілеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған

Әуе қауіпсіздігіне қатер төндіретін заңсыз әрекеттер көбейіп барады. Биыл республика бойынша лазерлік құрылғылардың көмегімен ұшақтардың жұмысына кедергі келтіру фактілеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Лазерлерді көпшілік ойын құралы ретінде қабылдағанымен, оның салдары өте қауіпті болуы мүмкін. Кішкентай ғана құрылғы жүздеген адамның өміріне қатер төндіреді. Соңғы уақытта елімізде лазер сәулесін әуе кемелеріне бағыттап, ұшқыштардың жұмысына кедергі келтіру фактілері жиі тіркеліп отыр. Осыған байланысты мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Атап айтқанда, лазерлік құрылғыларды немесе пилотсыз ұшу аппараттарын әуе кемесіне бағыттап, оның басқарылуына бөгет жасағандарға айыппұл салудан бастап, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

«Биыл лазерлік құрылғы арқылы әуе кемелеріне бөгет жасау деректерімен Республика аумағында 11 қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық іс материалдарын зерделеу барысында әуе кемесіне кедергі келтіру фактілері әуежайлардың ұшу-қону жолағына іргелес аумақтарда орын алатыны анықталды», – деді ҚР Бас көлік прокуратурасының басқарма прокуроры Көшербай Ғасырбек.

Мұндай әрекетті жасағаннан кейін қашып құтыламын десеңіз, қателесесіз. Бас көлік прокуратурасының өкілдері құқықбұзушыларды іздестіру жұмыстарының қалай жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

«Қазіргі таңда ұшу барысында пилот «қара жәшік» дейді. Сол арқылы бөгеуіл қай жерде жасалғаны туралы координаттар толықтай анықталады. «Қазаэронавигация» деген мекеме бар, сол мекемеден бөгеуіл жасаған адамның нақты координаттары бізге келеді. Әрі қарай іздестіру жұмыстары біздің үйлестіруімізбен және Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлерімен жүзеге асырылып, анықталады», – деді ҚР Бас көлік прокуратурасының басқарма прокуроры Көшербай Ғасырбек.

 Авиация саласындағы сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары мұндай оқиғалар балалардың ермегі ретінде де, әдейі жасалатын әрекет ретінде де жиілеп барады. Сондықтан бұл қадам авиациялық қауіпсіздікті күшейтуде маңызды дейді.

«Ертерек кезде лазер тек ұшқыштардың көзіне әсер етпей, жабдықтардың радио толқындарына әсер ететін жағдай болған.Ұшарда тексеріледі. Бірақ қонар кезде сырттан себептермен лазер немесе сигналдар жабдықтарға пайдаланылатын болса, ол қауіпті, қонуға әсер етеді. Бұл – тек ұшқыштар емес, ұшақтың ішіндегі 300–400 жолаушының өмірі», – деді авиациялық сарапшы Абыл Кекілбаев.

Айта кетейік, мұндай әрекетке барғандар үшін жауапкершілік 16 жастан бастап қарастырылған. Әуедегі азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі аса маңызды. Сондықтан әрбір адам заң талаптарын сақтап, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін әрекеттерден аулақ болуы қажет.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында түлектердің көлік шеруі айып тұрағымен аяқталды