Қарағанды маңында көлік пен пойыз соқтығысып, 5 адам зардап шекті

12.12.2025 12:53

Қазір олардың жағдайын дәрігерлер анықтап жатыр

Қарағанды маңындағы теміржол өткелінде жеңіл автокөлік жүк пойызымен соқтығысты. Оқиға салдарынан бес адам жарақат алды. Қазір апаттың себептері анықталып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Қарағанды — Сортировочная — Құлайғыр» учаскесінде болған жол-көлік оқиғасы бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғады. Алдын ала деректерге сәйкес, Audi көлігінің жүргізушісі тыйым салатын қызыл жарыққа қарамастан теміржол өткеліне жүріп кеткен. Сол сәтте осы бағытта жүріп келе жатқан жүк пойызы көлікті соққан.

"Соққы салдарынан 35 жастағы жүргізуші мен оның төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарын алып, шұғыл түрде медициналық мекемелерге жеткізілді", — деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қазір олардың жағдайын дәрігерлер анықтап жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық қатысушыларының әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беру мақсатында жан-жақты тергеу жүргізіп жатыр.

Қарағанды облысы Полиция департаменті теміржол өткелінен өту ережелерін бұзу — адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел әрі жол берілмейтін әрекет екенін атап өтті.

"Барлық кінәлі заң бойынша жауапқа тартылады", — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Эко-шырша Алматы» ашық байқауы басталды