Қарағанды облысында 40 мыңнан аса тұрғын қант диабетіне шалдыққан

Өңірде соңғы жылдары кеселге шалдыққандар 8 пайызға көбейген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысында диабет дерті дендеді. Өңірде соңғы жылдары кеселге шалдыққандар 8 пайызға көбейіпті. Тіпті туғанына екі күн толған нәрестенің де аталған сырқатпен ауыратыны анықталған. Дәрігерлер дертті дер кезінде алдын алмаса, адамдардың мүгедек болу қаупі жоғары деп дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұрбол Күнеділовтың қант диабетіне шалдыққанына он жылдың жүзіне жуықтапты. Қазір ол облыстық клиникалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Жанына шипа іздеген оның бармаған жері, ішпеген дәрі-дәрмегі жоқ. Тіпті кейінгі кездері кеселдің кесірінен тез шаршап, ашуға жиі бой алдыратын болып кеткен. Сондықтан «қауіпті дертті алдын алу үшін дәрігердің кеңесіне дер уақытында құлақ асқан жөн» дейді.

«Бұл ауруды пайда болғанын білмей де қаласыз. Стресс болған жағдайда, ауру пайда болады. Тамақтану жүйесін қалыптастыру, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындау арқылы ғана жеңілдік сезінуге болады», – деді қала тұрғыны Нұрбол Күнеділов.

Қарағанды облысында 40 мыңнан аса тұрғын қант диабетіне шалдыққан. Олардың тоғыз жарым мыңы инсулинге тәуелді. Былтыр дерті әбден меңдеген 88 науқасқа операция жасалып, саусағы мен аяғы кесілген. Кейінгі кездері, тіпті балалар мен шыр етіп дүниеге есігін ашқан нәрестелердің арасында да індет жиілеген.

«18-79  жас аралығында 95 пайызы қанттың екінші типі диабеті деп аталады. Олар ересектер.  Жас балалар арасында бес пайызы қант диабетінің бірінші типі. Қазіргі уақытта бір нәрестеміз бар. Туған күннің ертесінде қант диабеті табылған. Шетінеп кетеді деп ойладық, қазір ол бір жасқа толды», – деді облыстық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Зарема Тұтқышбаева.

Қарағанды облысында 450 бала қант диабетімен ауырады. Олардың басым көпшілігі  инсулинді помпа аппараты арқылы алуға мәжбүр.

«Тоғыз адамның арасында бір адам қантпен ауырады. Бірақ олар білмейді. Білмеген себебі қаралмаған. Сол үшін адамдар білуі керек. Ең басты үш симптомы бар. Бас ауруы мүмкін, шаршай береді, семіздік, салмақты қосу не керісінше азаюы – аурудың белгілері», – деді Зарема Тұтқышбаева.

Дәрігерлер «ең қауіптісі диабеттік табан жарасы» деп дабыл қағып отыр. Сондықтан ақжелең иелері табан күтіміне ерекше көңіл бөлу керек екенін ескертеді. Дәрігер бұл тұста дерттің ең негізгі үш мәселесі бар дейді. Олар генетика, психосоматика және салауатты өмір салтын ұстанбаудың салдары. Жалпы науқастар үшін өңірде дәрі-дәрмек пен инсулин қоры жеткілікті.

Айта кетейік, соңғы деректерге сәйкес, жер бетінде шамамен 537 млн адам қант диабетімен ауырады. Бұл статистика 2045 жылға қарай, 783 миллионға дейін артады деген болжам бар.

Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров